Асхана сырлары: жұмыртқа пісіру

Піскен жұмыртқа тез дайындалатын әрі тойымды таңығ ас бола алады. Ол салаттардың көбісінде кездеседі. Жұмыртқа пісірудің сырларын біліп жүрген артық болмайды.

Жұмыртқаны тоңазытқыштан шығарып, бірден суға салмаңыз. Оларды бөлме температурасында
15 минуттай ұстау керек. Сондай-ақ жұмыртқаны алдын ала жуып қойыңыз. Суды қажетті мөлшерде құю да маңызды. Табаға жұмыртқалардан 2 см асатындай су құйыңыз. Жұмыртқаларды суға ас қасықпен салыңыз. Бұл жұмыртқаның қабығын шағылудан сақтайды. Жұмыртқаларды орташа отқа (қатты отқа емес!) қойып, судың қайнауын күтіңіз. Қайнағаннан кейін отты басыңыз. Шала пісірілген жұмыртқаны жақсы көрсеңіз, оны 3 минуттан артық отта ұстамаңыз. Орташа пісуі үшін жұмыртқаны 8 минут шамасында қайнатыңыз. Жақсы піскен жұмыртқа 15 минутты талап етеді. Әдетте бұл түрі салаттарға қолданылады. Жұмыртқаны тазалау оңайырақ болуы үшін, піскен жұмыртқаның қабығын кішкене жарып, суық суға салып қойыңыз. Осылайша ол тезірек суып, қабығы оңай алынады. Жұмыртқаны тым көп уақыт пісірмеңіз, ондай жағдайда сары уыздың беті жасыл түске боялып қалады. Бұл құрамындағы темір мен күкірттің белгісі.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: selo.nl