Мал етінің мүшелеп бөлгендегі атаулары

Осыдан аз ғана күн бұрын Массагеттегі жастарға арнап «Табақ тарта білесіз бе?» деген жазба ұсынып едік. Бүгін сол жазбаның жалғасындай қылып, сойылған малдың (ірі қара да, ұсақ мал да бар) еті бұзылып болғаннан кейінгі мүшелерінің қайсысы не деп аталады, қайсысы сыйлы мүше ретінде қарастырылады деген сұрақтар төңірегінде біле аласыздар.

Мал етінің мүшелері мынадай атаулармен айтылады:

Бас. Ірі қарада екі шеке деп те аталады.

Жақ. Ұсақ малда тілмен тұтас жүреді, ірі малда жақ екіге айырылып, тілі бөлек мүшеге саналады.

Жақ еті, ұрт ет. Ірі қарада бөлек алынып, қазанға бөлек түседі.

Мойын, алты буын. Қонаққа, сыйлы адамдарға арналған мүшелі табаққа салынбайды.

Мойын ет. Ірі қарада, кейде ұсақ малдың мойын еті бөлек алынады, одан көбінде қуырдақ қуырылады.

Бұғана. Екі жақта үш талдан алты бұғана болады. Мүше орнына саналады.

Қара қабырға. 6 тал болады. Мүшемен бірге табаққа салынады.

Сүбе қабырға. 6 тал болады. Етегімен қосып алынады. Таңдаулы мүшелер қатарына жатады.

Қазы. Семіз жылқыдан 20 қазыға дейін айналдырады. Оған кейбіреуі қабырғасыз тілініп, басқа малдың ішегімен де айналдырады.

Телше қазы. Жылқының сүбесі, телшені кей жерде сүрлемей жас күйінде асады.

Төс. Күйеулер мен келіндерге арналған сыбаға. Жас адамдарға беруге де болады. Қазақ салтында жылқы төсі мен ешкі төсі «жаман күйеуге» беріледі деп есептеледі. 

Төс ет. Жылқы, сиырда осылай аталады. Кесек еттерінің таңдаулысы, қуырдақ қуырылады, сүрленеді.

Төстік. Ұсақ малда осылай аталады. Терісімен істікке шаншып, қақтап жейді. Жол азыққа төстік көп пайдаланылады.

Төсқалдақ. Қой мен ешкінің, әсіресе, ешкінің төстігін кей жерлерде төсқалдақ деп атайды.

Төс етек. Мал төсінің етек жағындағы кесек ет. Көбінесе қуырдаққа қуырылады.

Кеңірдек. Соғым сойған кісінің мойын ет жіберіп алған «қол үздігін» осылай атайды.

Ауыз омыртқа. Соғым сойған күні табаққа міндетті түрде түсетін мүше. Сыйлы қонақтың табағына салуға болмайды.

Кәрі жілік. Әр малда екіден болады. Жілік мүшесіне кіреді. Кей жерлерде тіпті кәделі жілік ретінде қарайды.

Кәрі жіліктің ойынды еті. Екі бөлек болады. Оны кәрі жіліктің айдар еті деп атайды. Жеуге де өте сүйкімді келеді.

Ортан жілік. Екеу болады. Мүшелі жілікке жатады.

Ортан жіліктің ойынды еті. Екі бөлек болады. Жұмсақ ет.

Жауырын. Жіліктің төмен дәрежелісі. Көбінде басқа қосылып кетеді. Ал, монғол жұртында бұл ең кәделі жілікке жатады.

Жауырынның сүрпі еті. Екі бөлек кесек ет.

Асықты жілік. Екеу болады. Жамбастан кейін таңдаулы мүшеге жатады. Сыйлы жастарға, қыз-күйеуге (төспен бірге) тартылады.

Асықты жіліктің айдар еті. Екі бөлек болады. Ұсақ малда бірге, ірі қарада бөлек болады.

Тоқбас жілік. Қолда болатын еті молырақ екі жілік.

Жамбас. Екеу болады. Ірі малдың жамбасын екіге бөліп асады. Ұсақ малдың жамбасы тұтас асылады. Қай-қайсысы да таңдаулы мүшеге жатады.

Жая. Ірі малда осылай аталады. Жылқыда жал-жая қадірлі, сүйкімді асқа жатады. Сүрленеді.

Жаяның еті. Ірі қараның жая етін 4-5 бөлікке бөліп асуға, сүрлеуге болады.

(Жалғасы бар)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: voxpopuli.kz