Грузин асүйінің 3 танымал тағамы

Грузия көрнекі жерлерімен және халқының жарқындығымен ғана емес, өте дәмді тамақтарымен де танымал. Ендеше, грузин асүйінің танымал тамақтарын сіз де дайындап көріңіз.

Пхали

Пхали дәстүрлі грузин тамағы ұсақтап туралған грек жаңғақтары мен дәмдеуіштер қосылған шөптер немесе көкөністер қоспасынан тұрады. Бұл тамақтың отаны Грузияның оңтүстік-батысындағы Аджария өңірі саналады. Жергілікті тұрғындар бұл дәмді тіскебасарды бірнеше ғасыр бойы дайындап келеді. Негізгі ингредиент ретінде асжапырақ (шпинат), жасыл үрмебұршақ, қызылша және қалақай жапырақтары бола алады. Оны жиі анар дәнектерімен және жаңғақ майымен безендіріп ұсынады.

Қажетті ингредиенттер:

- 500 г асжапырақ;
- 150 г тазартылған грек жаңғағы;
- 2 пияз;
- 3 сарымсақ;
- 1 бума күнзе;
- 1 бума ақжелкен;
- тұз;
- анар дәнектері.

Дайындау жолы:

Асжапырақты 2-3 минут қайнатып, қағаз майлыққа түсіріп алып, суыту керек. Ақжелкен, күнзе, пияз және сарымсақты ұсақтап тураңыз. Суыған асжапырақ пен тазартылған жаңғақты блендермен езіңіз немесе ет тартқыштан өткізіңіз. Барлық ингредиенттерді бір ыдысқа салып, аздап тұз қосып, қолмен араластырыңыз. Дайын қоспадан қолмен кішкене шарлар жасап, тәрелкеге салыңыз. Содан соң оны анар дәнектерімен безендіруге болады.

Хинкал

Хинкал тағамы — грузин асүйінің визит картасы. Ресми нұсқа бойынша, бұл грузин тағамының рецептісі XVIII ғасырда Парсы елімен соғыс кезінде пайда болған: қиын жылдары асүй ханшайымдары қарапайым, бірақ тойымды тамақ ойлап тапқан. Бастапқыда хинкалды қой етінен ғана дайындаған. Ал қазір оны әртүрлі ет фаршын араластырып пісіре береді.

Қажетті ингредиенттер:

- 500 г ұн;
- 500 г ет фаршы;
- 2 пияз;
- 3 сарымсақ;
- 1 бума күнзе;
- қара бұрыш және тұз.

Дайындау жолы:

Алдымен қамыр дайындаймыз. Ол үшін ұн, тұз және суды (шамамен 150 мл) араластырыңыз. Қамырдың бетін жауып қоя тұрыңыз.

Содан соң салындыны дайындап қою керек. Ол үшін пияз, сарымсақ және күнзені ұсақтап тураңыз. Ет фаршына аздап су (шамамен 100 мл) құйып, араластырып алыңыз. Содан соң оған ұсақталған пияз, сарымсақ және күнзені қосып, тағы да араластырыңыз.

Қамырды қалыңдығы шамамен 1,5 см болатындай етіп илеңіз. Содан соң стақанмен дөңгелектер кесіңіз. Әр дөңгелек қамырды тағы да жұқа етіп илеу керек. Содан соң әрбір дөңгелек қамырдың ортасына салындыны салыңыз. Қамырдың шеттерін қатпар етіп жабыстыру керек. Ежелгі грузин дәстүрі бойынша, қатпар саны 19-дан аз болмау керек. «Құйрығындағы» артық қамырды кесіп тастау керек. Содан кейін оларды қайнап жатқан суға салу қажет, олар бір-біріне жабысып қалмауы тиіс. Хинкалдарды араластыра отырып, 15-20 минуттай қайнатасыз. Хинкалдарды сүзекімен түсіріп аласыз.

Сациви

Сациви — дәмдеуіштер қосылған және жаңғақты тұздықпен ұсынылатын құс еті (күркетауық немесе тауық). Сацивидің ерекше дәмі оны шет елдерде де танымал етті.

Қажетті ингредиенттер:

- 1 тұтас тауық;
- 500 г тазартылған грек жаңғағы;
- 3-4 пияз;
- 4 сарымсақ;
- 1 бума күнзе;
- 650 мл тауық сорпасы;
- хмели-сунели;
- лавр жапырағы;
- тұз бен қара бұрыш.

Дайындау жолы:

Алдымен тауықты дайындау керек. Ол үшін құс ұшасын жуып, оны тұз бен лавр жапырағы салынған суға жартылай дайын болғанша қайнатып пісіру керек. Содан соң тауықты судан алып, 180 градуста қызып тұрған пешке салып, 20 минуттай пісіру керек.

Тауықты қайнатқан сорпаны сүзіп қойыңыз. Пияз, жаңғақ, сарымсақ және күнзені блендермен ұсақтау керек. Бұл қоспаға тауық сорпасын құйып, дәміне қарай дәмдеуіштер қосып, тағы да блендермен біртекті болғанша араластырыңыз. Содан соң оны 15 минутқа қалдырыңыз.

Тауықты пештен шығарып, терісін алып, етін орташа бөліктерге бөліңіз. Ет бөліктерін ыңғайлы ыдысқа салып, оған дайындап қойған сациви тұздығын құйыңыз.