Дүкенде көкөністер мен жемістерді нитратқа қалай тексереміз?

Өнімде зиянды заттардың барын көзбен қарап анықтауға бола ма? Көкөністер мен жемістерде химиялық заттардың бар-жоғын лабораториялық зерттеулерсіз бірнеше қарапайым ережелерді білу арқылы анықтаңыз. Әсіресе, маусымдық емес жемістер мен көкөністерді таңдау кезінде мұқият болу керек.

Өлшемі

Ең бірінші олардың өлшеміне мән беріңіз. Мысалы, табиғи шарттарда өскен қызанақтар өте үлкен болмайды. Табиғи шарттарда өскен қызанақ үлкен болғанның өзінде жарылған, бетінде қара дақтары болуы мүмкін. Ал егер дүкенде сатылып тұрған қызанақтар өте үлкен және оған қоса, мінсіз болса және түсі табиғи емес өте ашық түс болса, оған күмәнмен қарау керек. Сондай-ақ, құрамында нитраттары бар қызанақтарды кескен кезде ортасында ақ жолақтар болуы мүмкін. Химиялық қоспалары жоқ қызанақтардың жеміс сабақтары да ірі болмайды.

Иісі

Көкөніс қаншалықты хош иісті болса, оның соншалықты табиғи болғаны. Жемістерде өзіне тән емес иіс болса, күмәнданыңыз.

Түсі

Бұл өнімді бағалайтын тағы бір маңызды белгі. Дақтар мен басқа да «ұсақ кемшіліктерді» бірінші кезекте алмалардан іздеу керек, себебі олар бұл жемісте химикаттардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Оған қоса, құрамындағы пестицидтер бойынша, алмалар бірінші орынды алады. Ал құлпынайдағы қара нүктелердің болуы оның құрамында нитраттардың барын білдіруі мүмкін. Қарбыз етінде сары талшықтар болмауы керек.

Дәндері

Бұл көкөністер мен жемістердің қалай өсірілгенін түсінуге көмектесетін тағы бір әдіс. Мысалы, қиярдың міндетті түрде дәндері болуы керек. Егер қиярда дәндер жоқ болса немесе өте аз болса, ол оның химикаттарды қолданып өсірілгенін білдіруі мүмкін.

Маусымдылығы

Ең дұрысы, әр көкөніс пен жемісті өз маусымында жеу керек. Маусымдық көкөністер мен жемістер ағзаға өте пайдалы және олар, әдетте, ешқандай қоспасыз болады. Қыста құлпынай, таңқұрай, өрік секілді жеміс-жидектердің химиялық қоспалармен өсірілген түрін жегенше, оларды қазір мұздатып қоюға болады. Жеміс-жидектерді мұздатудың ережелерін мына жерден оқи аласыз.

Арнайы құрал қолдану

Жемістер мен көкөністер етіндегі нитраттар мөлшерін анықтауға арналған арнайы құралдарды нитратометрлер деп атайды. Өнімдегі зиянды заттардың шоғырын анықтау үшін оған өлшеуіш құралдың жіңішке шолғысын кіргізу жеткілікті. Бірнеше секундтан кейін электронды экранға сандық ақпарат шығады. Тестер жадына әртүрлі көкөністер мен жемістер үшін рұқсат етілген мөлшерлер енгізілгендіктен, нақты жемісті ұсынылған тізімнен таңдайсыз. Монитор нитрат мөлшерін көрсетіп қана қоймай, қауіп деңгейін білдіретін қызыл, сары немесе жасыл түске боялады. Нитратометр — кішкентай құрал, оны сөмкеңізге немесе қалтаңызға салып алу ыңғайлы. Оны өзіңізбен бірге алып жүріп, базардағы көкөністер немесе жемістерді бірден тексеріп ала аласыз. Бірақ нитраттар өнім етінде біртекті орналастырылмағандықтан, өндірушілер 15% өлшеу қателігі болуын ескертеді.