Зімбір шырынын қалай дайындаймыз?

Зімбір шырынын қалай дайындаймыз?
Фото: unsplash.com

Зімбір — татымды және аздап күйдіргіш ингредиент. Шығыста танымал бұл дәмдеуіш әлемді бірегей дәмімен және емдік қасиеттерімен жаулады. Зімбірдің жаңа піскен түрі де, ұсақталған түрі де — ағзаға қабынуға қарсы, сергітуші және қатайтушы әсер беретін дәрумендердің, микроэлементтердің және эфир майларының көзі. Құрамындағы аскорбин қышқылы, В тобының дәрумендері, мырыш, кальций, йод және табиғи антибиотиктердің арқасында зімбір иммунитетті қатайтатын күшті антиоксидант ретінде жұмыс істейді. Ағзаға пайдасы көп зімбір шырынын қалай дайындайды?

Зімбір шырынын дайындауға бірнеше зімбір тамыры (шамамен 500 г) мен 1,5 стақан су қажет. Алдымен зімбірді тазартып, бірнеше бөлікке бөліп, блендер ыдысына салыңыз. Үстіне су құйып, оны ұсақтаңыз. Қоспа қоюланғанша араластырыңыз. Блендер болмаса, зімбірді үккіштің ұсағынан өткізуге болады. Пайда болған қоспаны дәкеге салып, шырынын сүзіп алыңыз. Зімбір шырынын қақпағы бар әйнек немесе керамикалық бөтелкеге құйып, тоңазытқышта сақтаңыз.

Егер сізде асқазан проблемасы болмаса, оны сумен араластырып ішуге болады. Сондай-ақ оны дәміне қарай кез келген шайға құйып іше аласыз. Ұйықтар алдында айранға бір қасық зімбір шырыны мен аздап даршын қосып ішуге де болады. Сонымен қатар, зімбір шырыны етті тағамдарға арналған тұздықтар мен маринадтарға ерекше дәм береді.

А. Жапатова