Нағыз васаби қандай болады?

2001 жылы «Васаби» атты фильм жарыққа шықты. Бұл жапон әйелінен қызы бар екенін білген полиция қызметкерінің өмірі көрсетілетін француз киносы. Оның қызы жергілікті мафиялардың келіспеушіліктеріне тап болады. Ал әкесі оның сол жерден таза шығуына көмектесуі керек. Осы фильмнен соң адамдар васабидің не екеніне көбірек қызығушылық таныта бастайды.

Қазір васаби деп ұсынатын дәмдеуішті жиі кездестіруге болады: оны жапон тағамы бар кез келген кафе мен мейрамхана ұсынады. Ол Жапонияда қыша секілді дәмдеуіш ретінде қолданылады. Васаби қырыққабат тұқымдасына жатады.

Нағыз васаби тек қана Жапонияда өсетінін көпшілік біле бермейді. Бұл өсімдіктің өсуіне ерекше климат қажет. Қоршаған ортаның температурасы 10°C пен 17°C аралығында болуы керек. Ал васаби өсетін жерді таза тау суымен суарып тұру керек. Бұл өсімдіктің бағасы өте қымбат. Ол, тіпті, Жапония тұрғындары үшін де қолжетімсіз өнім болып келеді. Сондықтан да оны біздің елден табу мүмкін емес және бағасы қымбат болғандықтан аса сұранысқа ие де емес.  

Кей бағбандар мен кәсіби компаниялар оны жылыжайда өсіреді. Бұл кезде васаби арзаныраққа шығады, бірақ тамақ талғағыштар оның дәмі нағыз васабиге жетпейтінін айтады.

Сонда біз сушиге тапсырыс бергенде бірге ұсынатын жасыл дәмдеуіш ше? Ол васаби-дайконнан (дәмдеуіш дайындайтын ұнтақ шикізат) және бояғыштардан дайындалатын ұқсас дәмдеуіш. Кейде оның дәмін сәл жұмсарту үшін қыша қосады.

Егер сізге сушимен бірге ұсынатын васабидің дәмі ұнаса, оны үйде өзіңіз де дайындай аласыз. Ол үшін васаби-дайкон сатып алу керек. Бұл ұнтақ дүкендерде сатылады. Осы ұнтақты тең үлесте сумен араластырып, 10-15 минут күту керек.

Кей қымбат дүкендерден шын васабидің тамырын кездестіруге болады. Бірақ ол өте қымбат тұрады. Егер оны аламын деп шешсеңіз, тамырды тазартып, қанша жейсіз, сонша үккіштен өткізу керек. Ал қалған тамырды тоңазытқышта сақтау қажет.

Васабидің құрамында пайдалы макроэлементтер, микроэлементтер және дәрумендер көп. Оны түрлі аурулардың алдын алуға қолданады. Бұл дәмдеуіш күшті антибактериялық қасиетке ие. Ал құрамындағы эфир майлары ұйысқан қанның түзілуіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ ол теріні жасартады.

Оның жалғыз кемшілігі – өте ащы болуы. Сондықтан асқазан-ішек жолы аурулары бар және бауыры мен бүйрегі ауыратындарға оған әуес болмаған жөн.