Массагеттен мәзір: Глазурьленген сүзбеше

Массагеттен мәзір: Глазурьленген сүзбеше
Фото: massaget.kz

Сүзбе – өте пайдалы сүтті тағамдардың бірі. Алайда балалар оның құр өзін жегенді ұната бермейді. Ендеше, дәмі дүкендегімен бірдей болып шығатын глазурьленген сүзбеше дайындап көріңіз.

Сүзбе қоспасына қажетті азық-түлік:

- 200 г сүзбе;
- 60 г кілегей маргарині;
- 50 г қант ұнтағы;
- ванилин.

Глазурьге қажетті азық-түліктер:

- 1 плитка қара шоколад;
- 1 ас қасық кілегей маргарині;
- 1-2 ас қасық сүт.

Сүзбе, кілегей маргарині, қант ұнтағы мен ванилинді араластырамыз. 

Блендермен араластырса, қоспа біртекті болады. Егер блендер болмаса, шанышқымен де араластыруға болады. 

Тақтайдың үстіне аспаздық пакет жайып, сүзбе қоспасын қолмен құрт ұқсатып жасап қоямыз. Глазурь дайын болғанша оны мұздатқышқа саламыз.

Шоколадты бөліктерге бөліп, оған кілегей маргаринін саламыз. Оны буға қойып ерітеміз.

Егер глазурь қою болып шықса, оған аздап сүт қосуға болады.

Қатқан сүзбешелерді шоколад глазуріне малып аламыз. Содан соң қайтадан мұздатқышқа саламыз.

Мұндай тәттіні дайындаудың тағы бір жолы бар. Ол үшін кекс пісіретін ыдысқа аспаздық щеткамен глазурьді жағамыз. Оны мұздатқышқа 5-10 минутқа саламыз.

Глазурьді тағы да екінші рет қайталап жағамыз. Мұздатқышқа 5-10 минутқа саламыз.

Содан соң ыдыстарға сүзбе қоспасын салып, тағы да аз уақытқа мұздатқышқа қоямыз.

Соңынан бетіне шоколадты глазурьді жағып, толықтай қатқанша мұздатқышқа саламыз.

Сүзбешелер ыдыстан оңай алынады. Мұздатқышта жылдам қатады. Дайын сүзбешелерді тоңазытқышта сақтау керек.

Глазурьленген сүзбешелер дайын!

А. Жапатова