Мохито коктейлі туралы білесіз бе?

Мохито — өткен ғасырда Куба жағалауында ойлап табылған жазғы балғын коктейль. Бір қызығы, коктейльді кім, қалай жасағаны әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді.

Бірінің ойынша, «Mojito» сөзі «лимон шырынымен, жасыл салатпен тұздалған сарымсақты-бұрыш соусы» мағынасын беретін «Mojo» (мохо) сөзінің түбірінен жасалған. Басқаларының ойынша, «дымқыл» сөзін білдіретін испандық «Mojadito» (мохадито) сөзінен шыққан. Қалай болған күнде де мохито — Кубаның басты сусыны. Қазір оны әлемнің барлық елдерінде жасайды.

Классикалық мохитоның құрамында ақ ром, лайм шырыны, сода сусыны, қант пен жалбыз жапырақтары секілді 5 ингредиент болады.

Мохито дайындау үшін ұзын стақан керек. Алдымен жалбызды жақсылап езіп, жұмсартасыз. Қантпен араластырасыз. Оған лайм шырынының жартысын құйып, қабығын қосады. Стақанға мұз салып, 50 мл ром құю керек. Мұның бәрін жақсылап араластыру керек. Содан соң стақанға толтырып сода сусынын құясыз. Осылайша мохито сусыны дайын болады.

Мохитоның алкогольсіз түрін жасап, ішкен абзал. Ол үшін ромның орнына қант араласқан су немесе спрайт қосыңыз. Сондай-ақ мохитоға құлпынай, апельсин, анар, ананас қосып, дәмін түрлендіруге болады.