- Негізгі бет
- Сымбат
- Ұзын шашқа арналған...
Ұзын шашқа арналған қарапайым шаш үлгілері
Егер шашыңыз ұзын әрі тіке болып және шаш үлгісінің екі түрін ғана (бос жіберу және буу) жасайтын болсаңыз, жаңа идеяларға көз жүгіртіңіз.
"Тақтар ойыны" (Игра престолов) стиліндегі шаш үлгісі
"Тақтар ойыны" сериалындағы актрисалардың шаш үлгілері өте ерекше әрі қарапайым болып келеді. Мұндай шаш үлгісін таңертең асығып бара жатқанда да жасап үлгересіз. Шаш үлгісі әр күнге келе береді және нәзіктігіңізді айқындайды.
Бетіңізге жақын жерден аздап шаш бөлігін алып, қарапайым үш өрім жасаңыз. Келесі жақтан да сондай өрім жасаңыз. Өрімдер дайын болған кезде шаш үлгісіне аздап көлем беру үшін төбеңіздегі шашты көтеріп тараңыз.
Өрімдерді бір-біріне айқастырып, қыстырғыштың көмегімен бекітіп қойыңыз.
Өріммен төмен буылған шаш
Бұл шаш үлгісі әмбебап саналады. Ол күндіз кеңседе де және кешке романтикалық кездесуде де әдемі көрінеді.
Шашыңызды көлденең екіге бөліңіз. Шаштың жоғарғы бөлігін қарапайым үш өрім етіп өріңіз. Содан соң мойын тұсынан шаштың екінші бөлігін де өріп тастаңыз.
Төменгі өрімді жоғарғы өрімнің астына қыстырғышпен бекітіңіз. Ал жоғарғы өрімді мұқият төменгі өрімге қыстырыңыз.
Оралған бұрым
Бұл шаш үлгісі қарапайым бууды ауыстыратын керемет балама.
Шашыңызды төменге буыңыз, резеңкенің үстінен екіге бөліңіз. Содан соң бұрымды ішке қарай айналдырыңыз.
Қалған шаш ұзындығын сол әдіспен ішке қарай айналдырып отырыңыз. Буылған шаш көлемді болу үшін шашыңызды сұқ саусаққа айналдырыңыз. Шашты бекіту үшін түйреуіш пайдаланыңыз және шаш үлгісін ұзаққа сақтау үшін лак қолдансаңыз болады.
Байланған шаш
Бұл ерекше әрі сәнді шаш үлгісі — ыстық ауа-райына арналған қызықты идея. Шаш үлгісін жасамас бұрын шашқа арналған көпірік жағып қойыңыз. Сол кезде түйін жақсы ұсталады.
Шашыңызды артқа қарай тараңыз. Содан соң екі шағындау шаш бөлігін алып, түйін байлаңыз. Қатты байлаудың қажеті жоқ. Одан кейін сәл төменнен тағы да шаш бөлігін алып солай байлайсыз. Шаш ұзындығына байланысты 4-5 байлам болуы мүмкін.
Содан соң шашты резеңкемен бекітіп, ішке қарай білдірмей кіргізіп, түйреуішпен қыстырып қойыңыз.
А. Жапатова