- Негізгі бет
- Сымбат
- Ұйықтар алдында қандай...
Ұйықтар алдында қандай тамақ жеуге болады?
Диетологтар көбіне кешкі сағат 18:00 немесе 19:00-ден соң тамақ ішпеуге кеңес береді. Бұл ереже дене сымбаттылығы мен жалпы денсаулық үшін маңызды деп саналады. Бірақ ол кешке мүлдем тамақ ішпеу керек деген сөз емес: 18:00-ден соң зиянды тамақтар жеуге болмайды. Мысалы, кей адамдар аш қарынмен ұйықтай алмайды. Ендеше, артық салмақ қостырмайтын және ұйықтауға кедергі келтірмейтін тағамдарды ұсынамыз.
Неге ұйықтарда кез келген тағамды жеуге болмайды?
Тағамның қорытылу деңгейі әртүрлі болып келеді. Әсіресе, майы мен көмірсулары көп «дәмді» тағамдар ұзақ қорытылады. Өкінішке орай, көпшілік қараңғы батысымен сондай тағамдарды жегісі келеді. Бірақ химиялық құрамы осындай тағамды жеу арқылы біз ағзаны өзінің калориясын кетіру мүмкіндігінен айырамыз. Егер ұйықтар алдында майлы тамақ жеп алсаңыз, метаболизм түні бойы бірінші кезекте асқазанға тамақпен бірге келген липидтерді жұмсауға бағытталады, содан соң ғана тіндердегі май түзілімдеріне кіріседі. Сондықтан түнде ағзада майды кетіру процесі мүлдем болмауы да мүмкін.
Ал егер ұйықтарда, мысалы, ет жесеңіз, ол да жағымсыз салдарларға әкеледі. Оның құрамындағы протеин ұзақ қортылатындықтан түнде толыққанды демалыс болмайды. Сондықтан ол түске әсер етуі мүмкін: мысалы, қорқынышты түстер көресіз. Сондай-ақ таңертеңге дейін асқазаныңыздан ауырлық сезінесіз.
Ендеше, ұйықтарда немесе ұйықтауға бір-екі сағат қалғанда қандай тамақ жеуге болады?
Көкөністерден бастайық. Ұйықтар алдында рұқсат етілетін тағамдар қатарына бұқтырылған кәді, пісірілген картоп пен гүлді қырыққабат, суға піскен брокколи, асжапырақ (шпинат) және салат жапырақтары жатады. Осы көкөністерден рагу немесе пісірме (запеканка) жасап жеуге болады. Бұл тағамдармен қарынды тойдыруға болады және олардың денсаулыққа еш зияны тимейді.
Тамырлы көкөністерден сәбіз бен қызылша жеуге рұқсат етіледі. Олардың құрамында ас қорытуға көмектесетін, ағзадан ластықтарды шығаратын және қандағы «жаман» холестерин деңгейін азайтатын пектиндер, дәрумендер және минералды заттар бар.
Ұйықтарда жеуге болатын ақуызды өнімдер де бар. Тауық еті тез қорытылады және адам ағзасына жақсы сіңеді. Күркетауық етін пешке пісіру керек немесе буға дайындауға болады. Мұндай еттерден бутерброд жасап жеуге болады: ет тілімдерін тұтас дақылдан жасалған диеталық нанға (хлебцы) қойыңыз.
Ұйықтарда омлет пісіріп жеуге де рұқсат етіледі. Бірақ оған 2-3 жұмыртқаның ағын ғана қолданған жөн және бетіне міндетті түрде аскөк пен ақжелкен себіңіз.
Балық – ұйықтар алдында жеуге болатын керемет өнім. Бірақ оның майы аз болуы керек. Мысалы: құнысбалық, хек, минтай, кета, камбала, ақсерке, нәлім, көксерке. Балықты суға немесе буға пісіру керек. Балықты жұқалтырға орап, пешке пісірсеңіз, өте дәмді болып шығады.
Арықтау кезінде ұйықтар алдында сүт қышқылды сусындар ішуге болады. Оларға айран және табиғи йогурт жатады. Ұйықтарда бір стақан айран немесе йогурт ішіп алсаңыз, ол дене пішініне зиянын тигізбейді және қарныңызды тойдырады.
Ұйықтар алдында жаңғақтар мен кепкен жемістер жеуге рұқсат етіледі. Бірақ оларды өте аз мөлшерде жеу ұсынылады. Мысалы, жаңғақтардың ішінен бадам жаңғағын таңдауға болады. Оны 10-нан артық жеуге бомайды, себебі жаңғақтар калориялы болып келеді. Бірақ олардың құрамында пайдалы элементтер көп, сондықтан жүйке жүйесіне және ұйқы сапасына жағымды әсер етеді. Кепкен жемістердің ішінен қараөрік, өрік, құрма жеген жөн. Бұлардың өзін әрқайсысынан бір-екеуден ғана жеу керек. Ал інжір мен кепкен бананда көмірсулар көп болғандықтан оларды ұйықтарда жеу ұсынылмайды.
Сондай-ақ ұйықтар алдында ботқа жеуге болады. Сұлы жармасының ботқасына тоқталған жөн. Ол басқаларына қарағанда жылдам қорытылады және асқазан-ішек жолында жағымсыздық тудырмайды. Ботқаны суға немесе майлылығы өте төмен сүтке пісіріңіз. Сұлы жармасының ұсақталған түрін емес, ірі түрлерін алыңыз.
Егер жатарда балмұздақ жегіңіз келсе, балмұздақтан гөрі жеміс мұзын жеуді әдетке айналдырған дұрыс. Бірақ жеміс мұзының да дүкенде сатылатын түрін емес, өзіңіз үйден дайындаған түрін жеу ұсынылады. Оны дайындау үшін кез келген жемісті сығып, шырынын қатырып қоясыз.
Ал егер ұйықтарда тәтті десерт жегіңіз келсе, даршын қосылған алма жеу керек. Ол үшін алманы пешке 4-6 минутқа салып аласыз. Пештен шығарған бойда даршын себесіз және аздап бал құюға болады.
А. Жапатова