- Негізгі бет
- Сымбат
- Тырнақ бояуы –...
Тырнақ бояуы – 2017: Металл түсі трендте
Биылғы тырнақ сымбатында металлдарға, бағалы тастарға ұқсайтын түстер негіз болады. Монохромды, пастель түстері де сәннен қалмайды. 2017 жылдың жаңалығы ретінде эмальды ақ түсті атап айтуға болады.
Дәл қазіргі уақытта қою жасыл, қаражидек, марсала және қою көк түстермен тырнағыңызды сәндесеңіз болады. Готика тәрізді болғанымен, суық күнде суық түстер әдемі үйлеседі. Бұлардың қатарында сұр және қоңыр сұр түстер де бар.
Көктем мен жазда мейлінше жазғы түстерді таңдаған дұрыс: коралл, шабдалы, алқызыл, лаванда және ашық көк түс. Бұл маусымның ерекше түсі ретінде ашық сары, ашық жасыл таңдалды. Эмальдан бөлек жеңіл жылтыр, бұлыңғыр (матовый), дымқыл эффект сәннен қалмайды. Ал жыл жаңалығы ретінде қант эффекті қосылды.
Күзде хаки, зәйтүн, шарап, қою апельсин, тауп, шоколад түстері сән сахнасына шығады.
Бастысы – тырнақ күтімін ұмытпау және формасын дұрыс таңдау. Осы жылы бадам тәрізді және сопақ форма негізгі деп таңдалды.
Тренд №1: Табиғилық
Пастельді маникюр – сәндегі шынайылықтың, нәзіктіктің белгісі. Акссесуарлармен де, кез келген киім үлгісімен де үйлесім табатын маникюрді Chanel, Alexander Wang секілді белгілі сән үйлері де қолдап отыр. Егер өзіңізге керекті түстерді таппасаңыз, мына нөмірлермен OPI (Samoan Sand NL P61), Deborah Shine (Tech 50), Rouge Baiser Paris (Laque evidemment 03 beige rose), Artdeco (Ceramic Nail Laquer 62), Anny (300 Make Up), Alessandro (923 Golden hush) және Dior (Vernis 189 Rose Porcelaine) іздесеңіз болады.
Осы түстердің бетін қант эффектісімен әрлесе, тіптен ерекше болмақ.
Тренд №2: Сенімділік
Алтын және күміс түстері нейл-арт әлеміне енгелі біраз болды. Бұл түсті таңдайтын арулар өз-өзіне сенімді болады. Қазір жылтыр әрі жарыққа шағылысса, кемпірқосақ түсін беретін металл фольгалар да тынрақ бояуларының орнын басып жүр. Айна эффектісін беретін де бояу түрлері бар.
Тренд №3: Ерекшелік
Pantone must have түс мамандарының ұйғарымымен, сұр түс 2017 жылдың негізгі түстерінің бірі болды. Осыған дейін ТОП-10-ға ене алмай жүрге түс биыл көш бастайтын болады. Ақсүйек түсі деп танылған сұр бояу түрлі-түсті киіммен жарасады. Эмальды әрі бұлыңғыр эффектпен де ерекшелене алады.
Тренд №4: Құпиялық
Бояудың бұлыңғыр қабаты да өз орнын әзір беретін емес. Биыл барқыт мата мен бұлыңғыр бояудың үйлесімділігін көптеген сән үйі дәлелдеп отыр. Әсіресе, өте қою түстер, мысалы, күлгін, шоколад, күлгін қызыл, жасыл әрі қою көк. Пастельді түстер бұлыңғыр эффектісімен көп ерекшелене алмайды, ал қою түстерді жақсы ашады.
Г. Берік