Күз-қыс 2016: сәнде болатын түстер

Күз-қыс 2016: сәнде болатын түстер
Фото: Серик Байбульсинов

Сән әлеміндегі үрдістер тым тез өзгеріп отырады. Сіз бір түстегі киімді енді сатып алсаңыз, ендігі оның сәні кетіп қалған болуы да ғажап емес. Сәннен қалмай, нағыз трендтегі киімдерді киемін десеңіз, біз ұсынған үлгілерге назар салыңыз. Ал өз стиліммен ғана киінемін деп, киім түсіне аса мән бермейтін болсаңыз, оған ешкім қарсы уәж айтпайды.

Марсала түсі

Өткен жылы марсала деген атаумен танылып, қыздардың сүйікті түсіне айналған күрең қызыл түс биыл да сәннен қалған жоқ. Оны шарап түсті, бургунди деп те атайды. Марсаланы әмбебап түстер қатарына жатқызуға болады. Осындай үлгідегі киіммен кеңсеге де, романтикалық кездесуге де еркін бара аласыз.

Патшайымдық көк түс

Жарқын, ашық көк түс осы жылы сәнде болады. Көз тартарлық көк түсті киімді қызыл не өзге де қанық түстермен үйлестірсеңіз, жаныңыздан өткен адам бұрылып қарамай жүре алмайды. Сонымен қатар салқын ауа райында сұр, қоңыр, ақ-қара, қою қызыл түстерімен жарастырып, айналаңызға жарқын көңіл күй сыйлай аласыз.

Күлгін түс

Күлгін түс осы жылы күз, қыс мезгілдерінде сәннен жылыстап шыға бастайды. Бірақ бұл сәннен қалмайын деп жақсы көретін түсіңізден түбегейлі бас тартыңыз деген әңгіме емес. Басты түске қазіргі сәндегі реңктердің бірін таңдап, күлгін түсті қосалқы реңк ретінде қарастырыңыз. Суреттен көріп тұрғаныңыздай аспан көк, ақшыл алқызыл, көкшіл жасыл түстермен өте жақсы үйлесім табады.

Аристократтық көк түс

Қою көк түсті киім, әсіресе, тері, былғары, күдері маталардан тігілсе, ұтымды, бағалы көрінеді. Бұл түс ақ, қызғылт сары, сары қоңыр түстермен және көктің басқа реңктерімен әдемі жарасады.

Қызғылт сары түс

Биыл қызғылт сары түстің кез келген реңкін күз-қыс мезгілдерінде түрде кие беріңіз. Апельсин түсінен бастап, ашық сарыға дейін күзгі сәннен тыс қалмайды. Осындай реңді геометриялық пішіндері бар кез келген түсті киіммен үйлестіре аласыз.

Інжу реңді алқызыл түс

Алқызыл түстер тек көктем-жаз мезгіліне арналған деп ойласаңыз, қателесесіз. Оны салқын ауа райында да "салқын" түстермен келістіріп киюге әбден болады. Нәзік жаратылысқа одан сайын нәзіктік беріп, ажарын аша түсетін бұл алқызыл түсті ақ, сұр, крем, сүт түстес, тіпті қою жасыл түспен де үйлестірсеңіз болады.

Қою көкшіл жасыл түс

Қою көкшіл жасыл түс күз-қыс мезгілдерінің ең сәнді түсі десек қателік емес. Зүбәржат түсінен ақық түсіне дейін қалауыңызша кез келгенін таңдаңыз. Бағалы да мәртебелі түс әр сәнқойдың жүрегіне жол табары анық. Ауыр матадан тігілген киім осы түсті қанықтыра түседі.

Сіз биыл гардеробыңызды қай түспен жаңартасыз?

@. @assel_assanova