- Негізгі бет
- Сымбат
- Шашы тез майланатын...
Шашы тез майланатын қыздарға 7 кеңес
Шашы тез майланатын қыздарды күнде мазалайтын сұрақтың бірі – "басымды ұйықтарда әлде таңертең жусам ба екен". Шаш тез ластанбауы үшін не істеу керек?
Шаш тез майланатын болса, алдымен оның себебін анықтау керек:
- Ең көп тараған мәселе – шашты жиі жуу. Шаш сол режимге үйреніп кетеді де, тері қорғаныш реакциясы ретінде тері майын көбірек бөле бастайды;
- Шаш майлануының тағы бір себебі – дұрыс таңдалмаған күтім. Мысалы, сусабын тері типіне сай келмейді немесе өте майлы кондиционер шашта тұрып қалатындықтан шаш майлы көрінеді;
- Шашты қолмен жиі ұстай беру;
- Тұқымқуалаушылық;
- Асқазан-ішек жолы аурулары немесе ағзадағы гормонды өзгеріс. Бұл кезде дәрігерге барып, қажет анализдер тапсыру керек;
Шаш ұзаққа дейін таза болып қалу үшін не істеу керек?
1. Бас терісінің типін анықтаңыз. Егер бет теріңіз майлы болса, бас терісінің типі де сондай болуы мүмкін. Бұл жағдайда басты жиі жуу зиян емес, бірақ жұмсақ әсер ететін күтім таңдау қажет.
2. Күнде бас жуу әдетінен құтылыңыз. Шашты ең болмағанда екі күнде бір рет жууға үйретіңіз. Бастапқы кезде өзіңізді ыңғайсыз сезінуіңіз мүмкін. Сондықтан оны демалыс күндерден (ешқайда бару керек емес күндерден) бастаған жөн.
3. Құрғақ сусабын қолданыңыз. Ол майлылықты кетіріп қана қоймай, шашқа көлем береді.
4. Басты бөлме температурасындағы сумен жуып, салқындау сумен шайыңыз. Бас жууға ыстық су қолданбаңыз.
5. Күніне 2 л-ден аз су ішпеңіз. Дұрыс су ішу режимі май бөлінуді азайтады.
6. Бас терісіне скраб жағыңыз. Ол ұсақ тесіктерді ластықтан тазартады. Скрабты үйден дайындауға болады: теңіз тұзына аздап су қосып, оны шаш түбіне жағып, массаж жасай уқалаңыз. Массаж қан айналымды жақсартып, шаштың өсуіне ықпал жасайды.
7. Кондиционер мен масканы тек шаш ұшына жағыңыз. Бұл құралдар шашты ауырлатады, сондықтан оны шаш түбіне тигізбей жағыңыз. Сусабын мен кондиционердің сульфатсыз табиғи компонеттер негізінде жасалған түрін таңдаңыз.
А. Жапатова