- Негізгі бет
- Сымбат
- Шаш майлылығынан құтылудың...
Шаш майлылығынан құтылудың 5 әдісі
Бала кезде шашты қазіргідей жиі жумасаңыз да, жылдам ластанбайтын және майланбайтын болатын. Ендеше, қазір шашыңыз неге майлана береді?
1. Шашыңызды ұстай беруді доғарыңыз. Бұл әдет – шаштың жылдам майлануының басты себебі. Саусақ ұштарындағы тері майы шашқа түсіп, сіңіп кетеді. Сондықтан жиі шаш үлгісін дұрыстаймын деп ұстай берсеңіз, керісінше, оның түрін бұзып аласыз.
2. Шашыңызды аптасына 3 рет жуыңыз. Егер шашыңыз тез майланатын болса, оны күнде жуатыныңыз белгілі. Үйрету қиынға түссе де, шашыңызды аптасына 3 реттен артық жумауға тырысыңыз. Шашты күнде жуу кезінде сусабын бас терісінен оның табиғи майын да алып тастайды. Сондықтан ол екі есе көп мөлшерде қайта түзіледі. Яғни, басыңыз бұрынғыдан да жылдам майлана түседі. Шашыңызды қаншалықты сирек жусаңыз, соншалықты аз майланады.
3. Тарақ жағдайына мән беріңіз. Шашыңызды тараған соң тарақта тері майының бөліктері қалып қояды. Оны жылы сумен шайып жіберу керек. Сонымен қатар, әр тараған соң тарақты түскен шаштардан да толықтай тазартыңыз. Себебі сол шашта да май болады. Тарағыңызға «гигиеналық процедура» жасауды әдетке айналдырыңыз.
4. Кондиционерді көп мөлшерде қолданбаңыз. Шашқа арналған кондиционер – өте пайдалы косметикалық құрал. Алайда оны абайлап қолдану керек. Біріншіден, оны шаш түбіне емес, керісінше, оның ұштарына жағу керек. Екіншіден, оны көп мөлшерде жақпаңыз. Үшіншіден, кондиционерді толықтай шайып тастаңыз. Бұл құралды шаш типіне байланысты таңдау керек.
5. Заттаңбаға қараңыз. Шаш пен бас терісі жағдайы сапалы құралға тікелей байланысты. Сусабын, бальзам немесе маска аларда оның сыртын мұқият оқыңыз. Мұндай құралдар сіздің шаш типіңізге сай болу керек. Мысалы, «ылғалдандыруға арналған», «жылтыратуға арналған» және «шаш құрғақтығына арналған» деген жазулар болмауы тиіс.
А. Жапатова