- Негізгі бет
- Сымбат
- "Қыздың жасы он...
"Қыздың жасы он сегізде". Неге?
"Қыздың жасын сұрамайды, қыздың жасы он сегізде". Неге? Себебі әйел заты ешқашан өзінің жасына риза болған емес. Қыз бала он сегіз жасқа толғанша өз жасынан үлкен көрінгісі келіп, тезірек бой жетуге асықса, он сегіз жастан асқаннан кейін әрдайым жас болып қалудың амал-айлаларын ойлай жүреді. Қанша жасқа жетсеңіз де, жас болып көрінудің сыры жоқ емес. Ол үшін тамақтану тәртібіңіз бен боянып-сылану қағидаларыңызды қадағаласаңыз жетіп жатыр.
С дәруменін көбейтіңіз
Бұл жас көрінудің ең оңай әрі тиімді тәсілі. С дәрумені теріні жас әрі өңді көрсететін коллаген нәруызын бөліп шығаруға сеп болады. Бет терісі ғана емес, барлық мүшенің терісіне С дәрумені жақсы әсер етеді, сондықтан осы дәруменге бай тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Мысалы апельсин, тәтті бұрыш, киви, грейпфрут, құлпынай және қызанақ өсімдіктері – сіздің теріңіз жас көрініп, ажарлана түсуіңізге кепіл болады.
Ақуызды көбірек жеңіз
Ақуыз терінің барлық жасуша жұмысына, оның жаңарып, тазаруына себепкер. Сондықтан дастарқаныңызда ақуыз өнімдері бірінші орынды алуы тиіс. Балық, сиырдың сүбе еті, тауықтың төс еті секілді майсы ақуыздарды таңдаңыз. Майсыздандырылған сүт өнімдері, жұмыртқа, жаңғақтар, астық тұқымдастары да нәруыздың қайнар көзі саналады.
Майонезді маймен алмастырыңыз
Майонез қанша дәмді болғанымен, денсаулыққа да, сұлулыққа да нұқсан келтіреді. Рапс не зәйтүн майын сіркесуымен араластырып, салатқа қоссаңыз, өте жақсы дәм береді. Аскөкті майонезбен емес, зәйтүн майымен араластырсаңыз денеңіз А, Е және басқа да пайдалы антиоксиданттармен толығады, деніңіздің сау болуына да орасан зор пайда келтіреді. Осылайша қанша жасқа келсеңіз де теріңіз жылтырап, жас көрінеді.
Қол күтіміне күнделікті уақыт арнаңыз
Күн сайын бетіңізге күтім жасайтын боларсыз. Қол терісін де назардан тыс қалдырмаңыз. Бетке қарағанда, қолға арналған жақпамай арзанырақ тұрады, сондықтан оған ақша аяп қалмаңыз. Анда-санда өзіңізді еркелетіп, бетке арналған нәрлендіргіш кремді қолыңызға жағып алсаңыз да болады. Күннен қорғайтын жақпамай қолдануды да күн тәртібіне енгізіңіз. Себебі теріні қартайтын басты жауы – күннің көзі.
Опадан бас тартыңыз
Опа – косметикада маңызды рөлге ие. Алайда ол сізді жас көрсетеді десеңіз қателесесіз. Оны қаншалықты көп қолдансаңыз, бет терісіндегі ұсақ әжімдерге еніп, оларды соншалықты айқындай түседі. Беттегі дақтарды жасырып, терінің түсін әрлегіңіз келсе, жеңіл реңк пайдаланыңыз.
Бронзермен достасыңыз
Жас ұлғая келе бет терісінде пайда болатын дақтар мен сепкілдерді жасыру үшін бронзер көмекке келеді. Ол бет-әлпетіңіздің өңін өзгертіп қана қоймай, теріге әдемі, жылтыр рең береді. Бұл нәрсені бұрын-соңды қолданып көрмеген болсаңыз, енді мән беретін уақыт жетті.
Макияжды дұрыс жасай біліңіз
Сіз макияжда күнделікті қолданып жүрген кей түстер әжімдеріңізді айқындап тұратынын білесіз бе? Жасырақ көріну үшін өзіңіз пайдаланып жүрген ерін далабы (помада), бет далабы (румяна), көз далабы (тени) өз өңіңізді ашып-ашпайтынына көз жеткізіп алыңыз. Мұндайда опа-далап сататын ждүкенде тегін макияж жасайтын мамандар кеңесіне құлақ түрсеңіз де болады. Қандай жағдай болса да, тым ашық, тың түстен қашық болыңыз.
Ең маңыздысы, тері күтіміне күнделікті уақыт арнаңыз. Тері қаншалықты сау болса, ол да, сіз де жас көріне түсесіз.
@. @assel_assanova