Бронзер таңдауда қателеспеңіз

Бронзер таңдауда қателеспеңіз
Фото: pixabay.com

Соңғы уақытта бронзер өте танымал тауарға айналды. Ол көптеген қыздың must have құралы ретінде опа-далап сөмкесінен орын алып үлгерді. Алайда өз терісіне арналған бронзерді дұрыс таңдауды барлығы бірдей біле бермейді.

Бронзер – бетті әрлеуге, теріге аздап күнге күйгендей рең беруге арналған құрал. Ол сізге жақ сүйегін айқындауға, мұрынды түсіруге, басқа да кемшіліктерді жасыруға көмектеседі. Бронзер бетке арналған опа түрінде, құрғақ және кремді бет далабы (румяна) ретінде не жақпамай түрінде де шығарылуы мүмкін. Оның күңгірт (матовый) және інжуше микробөлшектік түрлері бар. 

Бронзерді қалай таңдаймыз?

Алдымен ол сізге не мақсатта қажет екенін анықтап алыңыз. Күндізгі әлде кешкі макияжға немесе теңізге?

Одан да бұрын күңгірт түсі ме әлде жарқыраған түрі ме, осыны анықтаңыз. Күңгірт реңі күндізгі макияжға арналған, ал жарыққа шағылысатын реңі кешкіге не мейрамханаға баруға арналған.

Теріңіздің түріне назар аударыңыз

Егер бетіңіз майлы болса, онда сізге тек күңгірт бронзер сәйкес келеді, себебі бетіңізде онсызда жылтырлық жеткілікті. Есіңізде болсын, аса жылтылдаған нәрсе барлық кемшілікті айқындай түседі.

Ал тері құрғақ болса, жақпамай текстурасындағы құралды таңдаңыз. Ол құрғақ теріде барынша табиғи көрінеді, опа жаққандағыдай бетке бетперде тағып алғандай әсер қалдырмайды.

Егер теріңіз бірқалыпты болса, кез келген түрдегі бронзер сәйкес келе береді.

Теріңіз аралас түрге жатса, бронзер таңдауда бет, мұрын, маңдайдың жай-күйіне көңіл бөліңіз.

Терінің реңін анықтаңыз

Бронзер сіздің теріңізден 1-2 реңкке қоюлау болуы тиіс. Одан көп емес. Егер айырмашылығы аса білінетін болса, бетте табиғи көрінбейді, көзіңіз өзгешеленіп кетеді. Бронзердің міндеті – бетке жылу ұялату, бірақ оны жасанды түрде берудің қажеті жоқ.

Бронзер сатып алардың алдында күндізгі жарықта бақылап көріңіз. Айнадан тірі, табиғи түр көруіңіз керек.

Түс таңдау қағидасы қарапайым. Егер теріңіздің түсі ашық болса – ашық гаммалы бронзер, ал қараторы болса – тың түсті таңдайсыз.

Есіңізде болсын, көптеген бронзер жаққан кезде қызғылт сары көрінеді. Бұл барлығына бірдей жараса бермейді. Сондықтан түсін мұқият таңдаңыз.

Егер тері тым ақшыл түсті болса

Көптеген қыз терісі тым ақшыл түсті болғандықтан, өзіне сәйкес ақшыл бронзер таңдай алмай жатады. Мұндай жағдайда бетті алдымен реңкілік иісмай (тональный крем) арқылы әрлей аласыз, осылай тері түсі сәл қоюлана түседі.

@. @assel_assanova