- Негізгі бет
- Сымбат
- Көзге арналған ванна...
Көзге арналған ванна
Көзді уақытылы демалтып, оған гимнастика жасап, халықтық құралдарды қолдану керек. Көзді табиғи дәрумендермен «қоректендіріп», таза су ішіп, таза ауада жиі болу керек. Көзге керемет күтімнің бірі – ванна жасау.
Егер арнайы ыдысы болмаса, шағын пластикалық стақандарды қолдануға немесе үлкен ыдысқа бетіңізді толықтай салуға болады. Процедураны ұйықтар алдында жасаған ыңғайлы, бірақ күндіз қолыңыз бос болса, сол кезде де жасауға болады. Стақанға жылы, қою емес көк шай құйып, оған түймедақ немесе ақжелкен тұнбасын құйып, стақанды көзіңізге тақайсыз. Сол кезде көзіңізді қатарынан 10 рет ашып, жұмыңыз және көзіңізді айналдырыңыз. Көзге арналған ваннаның суық және жылы түрлері болады.
Көзге арналған суық ванна
Көз бұлшықеттері суық суға босаңсыйды, ал көз айналасындағы тері балғын бола түседі. Суық су қан айналымын күшейтіп, көз қантамырларын жақсартады және тоқырау құбылыстарын кетіреді. Ванна жасауға суы бар арнайы медициналық ыдыс, пластикалық стақан немесе үлкен терең ыдыс қолдануға болады. Соңғы жағдайда бетіңізді суға толықтай батырасыз, бірнеше секундқа көзіңізді ашып, бетіңізді көтересіз. Сол кезде көзіңізді 30 секундтай жиі жыпылықтату керек. Көзіңізді судың ішінде жыпылықтатпаңыз. Осы процедураны 2-3 рет қайталап, бетіңізді жұмсақ сүлгімен сүртіп, көз айналасына арналған крем жағып қойыңыз.
Көзге арналған жылы ванна
Жылы ванналар басқа мақсатта жасалады. Мысалы, қабыну мен тітіркенуді басады, аллергиялық коньюнктивитті емдейді және басқа да ауруларды кетіреді. Жылы ваннаға арналған судың температурасы 24-26°С жоғары болмауы керек. Ваннаға қабынуды басатын шөптер қайнатпасын да қосуға болады. Жылы ваннадан соң бірден суық ванна жасасаңыз, көзіңіздің ісінуі, қышуы және жасаруы кетеді.
Ваннаға арналған суға алоэ шырынын қосуға болады: 1 стақан суға – 5-7 тамшы алоэ шырыны. Оған аскөк те қолданады. Ол үшін 2 ас қасық құрғақ аскөкке 1 стақан қайнаған су құйып, 15-20 минут тұндырады. Одан соң оны сүзіп, 1:3 қатынаста жылы сумен араластырады.
А. Жапатова