- Негізгі бет
- Сымбат
- Көйлек түріне қарай...
Көйлек түріне қарай шаш үлгісін жасау
Жаңа жылға дайындалғанда қыздардың көпшілігі көйлек таңдауға көбірек мән береді де, шаш үлгісі еленбей қалады. Алайда киім үлгісінің үйлесімді әрі әдемі көрінуіне шаш үлгісінің маңызы зор. Әртүрлі көйлектермен қандай шаш үлгілері жарасатынын ұсынамыз.
Иығы ашық көйлекке кез келген шаш үлгісі жарасады. Шашыңызды бұйралауға, жоғарыға жинауға немесе өруге болады.
Мойны дөңгелек етіп ойылған көйлекке шаш жоғары жиналып тұратын әдемі шаш үлгісін жасаған жөн.
V-бейнелі ойығы бар көйлекті кигенде шашты міндетті түрде жинап алған дұрыс. Шашыңызды биікке түюге немесе төменге түюге болады. Мұндай көйлекті кигенде шашты жіберу ұсынылмайды. Әйтпесе, мойныңыз қысқа болып көрінеді.
Арқасы ашық көйлек киген кезде арқаңызды жаппайтын шаш үлгісін жасау керек. Мысалы: шашыңызды жоғарыға түйіп жинау немесе шашыңыз алдыңызға түсіп тұратындай етіп өру.
Егер ұзын көйлек таңдасаңыз, жоғары жиналатын шаш үлгісін жасаңыз. Мысалы, "балық" пішінді ұзын көйлекке тегіс әрі жинақы жиналған шаш үлгісі жарасады. Мұндай көйлекпен аса көлемді шаш үлгісі үйлеспей қалуы мүмкін. Ал грек стиліндегі ұзын көйлекке ретсіз жиналған немесе өру арқылы жиналған шаш үлгілері келеді.
Етегі үлпілдек қысқа көйлекке көлемді шаш үлгісін жасауға болады. Шашыңызды бұйралап жіберіңіз. Егер шашыңызды жинағыңыз келсе, оған алдымен көлем беріп алыңыз.
А. Жапатова