Жаңа жылды қарсы алуға қандай көйлек таңдаймыз?

Жаңа жылды қарсы алуға қандай көйлек таңдаймыз?
Фото: pinterest.com

Жаңа жылды жаңа көйлекпен қарсы аламын деп шешсеңіз, оны таңдауға көмектесетін идеялар ұсынамыз. Көйлек таңдарда сәндегі трендтерді ескерумен қатар, оның әмбебаптылығына мән беріңіз. Бұл жаңа көйлегіңізді басқа да кештерге кие алғаныңыз жақсы. Сол кезде басқа жерге барарда "киетін ештеңе жоқ" деп қиналмайсыз. Ендеше жаңажылдық кештерге арналған көйлек түрлерін ұсынамыз.

Ұсақ торлы (прозрачный) көйлек
Ұсақ торлы көйлек – сән апталығындағы трендтердің бірі және күнделікті де, кешкі де киім үлгісіне келе беретін киім түрі. Мұндай көйлектің жеңі кең әрі үріліп тұратын түрлеріне мән берсеңіз болады. Ұсақ торлы көйлектің көпшілігі екі құрауыштан тұрады: ішінде тұтас түсті жеңіл көйлегі мен сыртында ұсақ торлы көйлегі болады. Содан соң оның торлы көйлегін артынан джинс шалбар мен топтардың сыртынан киіп те үйлестіруге болады.

Жібек көйлек
Жібек көйлек – жаңа жыл отырысына немесе басқа да кештерге киюге болатын әмбебап киім. Жібек көйлек бізге 90-жылдардағы сәнқой қыздардан келді. Бұл көйлек гардеробтағы киімдердің көпшілігімен үйлесім тауып кетеді. Одан романтикалық, классикалық және спорттық киім үлгісін жасауға болады. Мұндай көйлекті жылы күндері футболканың сыртынан, суық күндері водолазканың сыртынан киіп аласыз. Оның сыртынан пиджак киіп кеңсеге бара аласыз. Ал жаңа жыл түні жібек көйлек, ерекше клатч, көлемді сырға және жеңіл шаш үлгісін жасасаңыз, әдемі киім үлгіңіз дайын!

Күзгі сән: жібек көйлек + жемпір

Жылтыр көйлек
Сәннен шықпайтын көйлектің бірі – жылтыр көйлек. Пайеткалары бар жылтыр көйлекті киерде әшекейдің ұстамды түрлерін тағуды ұмытпаңыз. Егер қысқа жылтыр көйлек алғыңыз келсе, оның жеңі бар түріне мән беріңіз. Ал егер үсті ашық түрін қарасаңыз, оның ұзындығы мини болуын ескеріңіз. Кейін тойға барсаңыз, жылтыр көйлектің сыртынан пиджак киіп алсаңыз болады.

Қауырсыны бар көйлек
Соңғы жылдары дизайнерлер қауырсынды тек кешкі көйлектерге емес, күнделікті базалық киімдерге де пайдаланып жүр. Мерекелік кеште қауырсыны аз көйлек те, толықтай қауырсынмен қапталған көйлек те әдемі көрінеді.

Гүлді көйлек
Стереотипті бұзып, гүлді көйлекті қыста киіңіз. Гүл – нәзік жандылардың басты символы. Сондықтан әйел адам мұндай гүлді көйлекті қай мезгілде кисе де жарасады. Мысалы, жеңі бар гүлді көйлекті ерекше әшекеймен үйлестіру арқылы өте әдемі киім үлгісін жасауға болады. Гүлді көйлектің басты артықшылығы оны кейін қонаққа қысылмай киіп бара аласыз.

А. Жапатова