- Негізгі бет
- Сымбат
- Кез келген макияжды...
Кез келген макияжды бұзатын қателіктер
Боянудың қыр-сырын және визажистердің лайфхактарын білсеңіз де, макияжыңызды кей ұсақ-түйектер бұзып жібереді. Сондықтан төмендегі тізімге көз жүгіртіп, өзіңізді тексеріп көріңіз.
Өте қара қас
Жалпақ және табиғи қас сәнге келгеннен бері бойжеткендердің бетінен өте айқын, қою және агрессиялық сызылған қасты жиі кездестіріп жатамыз. Сәнмен дәлме-дәл жүрудің қажеті жоқ. Бетіңізде екпінді толықтай қас алып тұрмағаны жақсы.
Көз тұсындағы сүрме (подводка) ізі
Көзіңізге стрелка салған кезде барлығы мінсіз көрінеді, алайда бірнеше сағат өткен соң көзіңіздің үстіңгі тұсында сүрменің ізі қалып қояды. Бұл сүрме қолданатын барлық бойжеткендерге таныс жағдай. Мұндай жағдай теріңіз майлы болғаннан немесе сұйық сүрме қолданғаннан соң орын алып жатады. Бұл жағымсыз жағдай орын алмас үшін сүрменің астына құрғақ тень немесе опа жағыңыз.
Суық реңкті ерінге арналған далап және жылы реңкті бетке арналған далап (румяна)
Макияжды ретсіз үйлестірілген реңктер бірден бұзады. Макияждағы ең жиі кездесетін «ұсақ-түйек» — жылы реңкті бетке арналған далап пен суық реңкті ерінге арналған далап (немесе керісінше). Бұл міндетті түрде бетке арналған далап пен ерінге арналған далаптың түсін бірдей етіп таңдау деген сөз емес. Тек реңктердің үйлесімде болуын қадағалаңыз.
Артық консилер
Консилерді мөлшерден тыс қолдансаңыз, көздің астында консилерден ақ дақ қалады. Сондықтан оны қолданарда ашық түсті консилер білінбейтіндей өте жұқа етіп жағыңыз.
Төменгі кірпікке тушьты көп мөлшерде жағу
Айқын көзқарас болуы үшін төменгі кірпіктерді тушьпен бояған жөн, алайда мөлшерін қадағалаңыз. Төменгі кірпіктерді жоғарғы кірпіктермен бірдей деңгейде боямаңыз. Егер төменгі кірпіктерге тушьты көп мөлшерде жақсаңыз, ол көзіңіздің астын қарайтып, сізді шаршаңқы етіп өрсетеді.
Опаны (пудра) көп мөлшерде қолдану
Опа — ұқыпты қолдануды қажет ететін базалық өнім. Егер сіз дұрыс жарықталмаған жерде боянсаңыз, опаны көп мөлшерде жағып, бетіңіз ұнмен қапталғандай болғанын байқамай қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, бұл жағдай орын алмас үшін күн жарығы түсіп тұрған жерде боянуға тырысыңыз. Опа жағуға үлпілдек қылқалам қолданып, оны алдымен қағаз майлыққа қағып алыңыз.
А. Жапатова