Консилерді қолдану сырлары

Консилерді қолдану сырлары

Мінсіз макияж жолында консилер ең қажет құралдардың бірі. Ол бет терісінің кемшіліктерін жасырып, түсін бірқалыпты қылады. Консилерді дұрыс қолданудың сырларын білсеңіз, ол ең сүйікті косметикалық құралыңызға айналады.

Ұйқысыз түннен кейінгі көз астындағы күңгірт дақтарды жасыру, беттегі безеу мен ұшықтарды көрінбейтіндей қылу, жұқа теріден көрініп тұратын қан тамырларын байқатпастай ету – осы қиын жұмыстардың барлығы консилердің қолынан келеді. 

Мінсіз макияжды консилерсіз жасау қиынға соғады. Тері барынша табиғи көріну үшін жұқа қабатпен жағылатын, бар кемшіліктерді жасыратын зат керек. Бұл қызмет реңк беруші кремнің қолынан келмейтіндігін түсінген боларсыз. Реңк беруші крем толықтай бет терісінің түсін келтіреді, бірқалыпты қылады. Ал консилер нақты бір жердің түсін реттеу үшін қолданылады.

Реңк беруші кремге қарағанда консилер әлдеқайда қою келеді. Соның арқасында ол көз астындағы күңгірт дақтарды, терінің қызаруын жасыра алады.

Консилер қолдануға бел бусаңыз, оның түсін дұрыс таңдау ерекше маңызды екендігін білгеніңіз жөн. Көбісі өз терісінің түсінен әлдеқайда ақ реңкті таңдайды. Бұл кей жағдайларда қате болуы мүмкін. Естеріңізде болса, макияжда қолданатын ашық түстер үлкейтеді, ал күңгірт түстер кішірейтеді. Мысалға безеулерді жасырғанда ашық түсті консилер безеуді одан үлкен қылып көрсетеді.

Көз астындағы дақтарды жасырғысы келіп жүрген қыздар сарғылт консилер таңдасын, ал жалпы беттің пішінін коррекциялау үшін үйреншікті реңк беруші кремнен бір реңкке ашығырақ түстісін алыңыз. 

Консилерді өзіңіз білетін бет терісінің кемшіліктеріне тамшылап, арнайы жаққышпен не саусағыңызбен ұрып жағыңыз. 

Бет пішінін коррекциялағанда консилерді маңдайдың, мұрын мен иектің ортасына, көздің астына жаққан дұрыс. Осылайша бетіңізді пішіні сырт көзге мінсіз көрінеді.

Консилерді қолданғанда қыздар жіберетін басты қателік – "панда эффектісі". Ол көздің маңына тым көп консилер жаққанда пайда болады. Сондықтан консилеріңіз тым ақ болмасын, реңк беруші кремнен бір реңкке ғана ашық болсын. Сондай-ақ көз терісіне консилерді қалың қабатпен жағуға да болмайды. Бұлай сіз көз маңындағы майда әжімдерді байқатып қоясыз.

Консилерді қолданудың тағы да бір алтын ережесі – оны дұрыс жағу.

  • Консилерді тек жақсы ылғалдандырылған теріге жағуға болады. Демек консилер алдында теріңізге крем жағу керек. Макияж астына жағылатын негіз де консилер мен реңк беруші кремнің жақсы жағылып, ұзаққа сақталуының кепілі бола алады.
  • Консилерді жайпақ пішінді кішкентай синтетикалық немесе табиғи талшықты жаққышпен жаққан дұрыс. Табиғи жаққыш консилерді жұқа қабатпен жағуға көмектеседі, ал синтетикалық жаққыш үлкен кемшіліктерді жасыруға көмектеседі. 
  • Консилерді көз маңындағы теріге жаққанда оны көз қабағы шекарасынан шығармай жағуға тырысыңыз. 
  • Корректорды саусақпен ұрып, оның шекараларын кетіріңіз. Көз маңындағы теріге абай болу керек – ол өте жұқа, құрғақ, сезімтал келеді.
  • Консилерді жағып болғаннан кейін айнаға қарап күлімсіреңіз. Осы кезде артық жағылған бояу болса, өзі-ақ көрініп тұрады. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: tatita.ru 

С. А