Жаздың жеті қағидасы

Жаздың жеті қағидасы

Бүгін әдемі аруларымызға жазда қалай өз-өзіңді күтіп-баптау керектігі туралы кеңес береміз. 

1. Немен тамақтанамын?

Жазда да жылдың әр мезгіліндегідей дұрыс тамақтанып жүруге тырысыңыз. Күніне 400 - 500 грамдай жеміс-жидек жеңіз. Ең қажетті жеміс - шабдалы, алмұрт, алша сияқты жемістер. Олар бетіңізді де тазарта алады. Күніне 150-200 мл минералды су ішіңіз. Күнге күйіп кетсеңіз, көк шәй ішіңіз. Қатты суық тамақтар жемеуге тырысыңыз. Мысалы, балмұздақты көп жемеңіз. Олар ағзаның жұмысын қиындатуы мүмкін. Жазда көкөністерді дұрыс жеудің бір ғана қарапайым қағидасы бар: жеміс-жидекті аузыңызға апармас бұрын мұқият жуғаныңыз жөн.

 

Сондай-ақ, әр нәрсені бір жей беретін әдетіңізге басып, гамбургер, чипсыларды жеуден өзіңізді тыйыңыз. Жазда ағзамыз демалады. Құрамында дәрумендердің түр-түрі бар табиғи өнімдерді мейлінше көп жеп, ағзаңызға күш жинап алыңыз...

2. Не кисем екен?

Ашық түсті киімдер киіп, сұлулығыңызға әр беріңіз. Көктем мен жаз қыздардың құлпырып, жайнайтын кезеңі. Сондықтан, қара түсті киімдерді қысқа қалдырғаныңыз жөн. Нәзік жеңіл матадан тігілген киімдер киіңіз. 

Осы орайда, түстер сәйкестігі туралы айта кетсек:

-сарғыш+ күлгін

-көкшіл сұр+күлгін

-көк+қызыл, фуксия

-фуксия+жасыл, көк

-ақ+ көк, қызыл, қара

Түстер сәйкестігі туралы алдағы жазбаларымызда толығырақ айтып өтетін боламыз. 

Әрбір адамның сүйікті түсі болады. Және әлбетте жақтыра бермейтін де түстері бар. Дегенмен, теріміздің түсіне байланысты ажарымызды ашудың, орнына өңімізді жұтып қоятын да түстер болады. Бөксеңіз болса, мүмкіндігінше астыңызға ақшыл түстегі киімдер кимеуге тырысыңыз. Өйткені, ақшыл түс мүсініңізді толық қылып көрсетеді. Есесіне, үстіңізге ақшыл нәзік түстегі киім киіңіз. 

3. Ыстықтан қалай сақтанамын?

Шыжыған ыстықтан қалпақ, көзілдірік және табиғи матадан тігілген жеңіл киімдер сақтай алады. Егер арнайы күнге қыздырынбақ болсаңыз, теріңізге ыстық өткізіп алмаңыз.

Күннен қорғану үшін тіпті ең қымбат крем сатып алғанның өзінде, егер нұсқаулық бойынша пайдаланбасаңыз, бәрінің зая кетуі ықтимал. Сондықтан, кремді сауатты түрде қолданғаныңыз жөн...

Сондай-ақ, жазда жеңіл боянуға тырысыңыз. Опаны аз жағып, далабыңызды ерін жылтырағымен алмастырыңыз. Әрі бұл мезгіл бетімізді табиғи өнімдермен қоректендіру үшін таптырмас кезең. Бет маскасының түр-түрін жасап, бетімізге әр берейік.

4. Жаздағы шаш күтімі

Ыстық күн шашқа да өз әсерін тигізеді. Шашыңызды бояйтын болсаңыз, жазда шашыңызға аса ұқыптылықпен қарағаныңыз жөн. Бояуы кетіп ақшылданған шашпен жүру жартысы кетіп қалған лакпен жүрумен бірдей...

Жазда даладан ыстықтап келіп, бірден душ қабылдаймыз. Душты қабылдаған сайын, шашты сабын сумен жуа бермеген дұрыс. Бұл шашқа керісінше әсер етеді. Әрі шашты жуып алып кептірмей, ыстық күннің астына шықпаңыз. Ал күнге қыздырыну кезінде, күннің шашыңызға кері әсер етпеуі үшін күннен қорғайтын сусабын сатып алғаныңыз жөн. Оны кәдімгі сусабынмен жуғаннан кейін шашыңызға жағып қоясыз. 

5. Тырнағымды қандай түске бояйын?

Жазғы маникюр ашық әрі қарапайым болуы керек. Тырнағыңызға күрделі суреттер салмағаныңыз дұрыс. Тырнақты қатты ұзын етіп өсіру де сәннен қалып бара жатыр. 

Сондай-ақ, қолыңыздың да күтімін естен шығармаңыз. Қолға арналған кремді күніне екі реттен жағып отырған дұрыс. Жазда кейбіріміз саяжайға барып демаламыз. Кез келген істе қолыңызға қолғап киіп алып жұмысқа кірісуді ұмытпаңыз. 

6. Аяқ күтімі

Аяқ күтіміне баса назар аударыңыз. Қазақ "Дұшпан аяққа, дос басқа қарайды" дейді. Жазда көбіне ашық аяқ киім киетініміз себепті, аяғыңыздың әдемілігі мен тазалығына көңіл бөліңіз. 

Кешкісін үйге келгенде, күн сайын аяғымызға күтім жасап отыруды әдетке айналдырғанымыз жөн. Әдеттегідей ең қарапайым тәсілді ұсынамыз. Алдымен аяқ күтіміне арналған арнайы құралдарды сатып алыңыз. Жылы суға арнайы тұзды қосып, аяғыңызды суда 15 минуттай ұстаңыз. 

7. Хош иіс...

Кейбір сәнқой аруларымыздың өзі "Қарапайым киінсем де, үстімнен хош иіс шығып тұрсын" деген ұстанымды қостайды. Яки, адамнан қашанда жағымды иіс шығып тұруы керек. Әлбетте жаздың ыстық күнінде қатты терлесек те, табиғи иісімізді хош иісті әтірлермен ұштастырсақ, нұр үстіне нұр. Жазда әтірді қалай сепкен дұрыс? Қазір көбіне ашық түсті киімдер киіңіз деп кеңес беріп өттік. Сондықтан, әтір ашық киімге сіңіп қалмас үшін иіс суды шамамен 20 см қашықтықтан себіңіз.

Хош иісті сақтаудың мынадай қарапайым әдісі бар: Таңертең шомылып болған соң, су шашыңызға аздап әтір сеуіп қойыңыз. Шашты фенсіз кептісеңіз, хош иіс бойыңызда ұзақ уақыт сақталады. Әлбетте, әтірдің себілетін нүктелерін де қайта есіңізге салып өтейік: құлақтың асты, білек, мойын. Үнемі үстіңізден әдемі иіс шығып жүрсін.

Жазбен бірге жадырап, күндей күлейік, әлемнің ханшайымдары!

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: fashiondetails.ru, ohwomen.ru, kylinarocka.ru, favim.ru, ladyss.com.ua, avrora9.blogspot.com, 

lady.gazeta.kz, alfawoman.info, alfawoman.info

Р. Роза