- Негізгі бет
- Сымбат
- Жаңажылдық макияж жасарда...
Жаңажылдық макияж жасарда ескеретін жайттар
Жаңа жылды қарсы алуға арналған кеште қыздардың көпшілігі әдемі және ерекше болып, жақсы көңіл күйде жүргісі келеді. Алайда өзіңіз жасаған макияж әркез сіз ойлағандай шықпайды. Оның себебі неде? Жаңа жыл кешіне арналған макияжды жасарда мына қателіктерді жібермеңіз.
1. Теріні мінсіз ету үшін тональді құралды көп жағу
Кей қыздар теріні мінсіз етіп көрсетемін деп тональді кремді өте қалың жағады. Сондықтан ол беттегі "маска" ұқсап көрінеді. Қазір табиғилық трендте екенін және ол әдемі көрінетінін ұмытпаңыз. Бет әрлеушілер мұндай мәселе орын алмас үшін теріні алдын ала макияжға дайындауға кеңес береді. Ол үшін бет терісін жақсылап тазартып, ылғалдандырыңыз. Сол кезде тоналді крем қалың болса да, бетке жақсы сіңеді.
2. Макияж ұзақ тұру үшін бояды қабаттап жағу
Мерекелік кеш басталғаннан кейін макияжыңыз бірнеше сағаттың ішінде кетіп қалады деп уайымдамаңыз. Көпшілік макияж ұзақ тұру үшін әр бояуды бірнеше реттен жағып, оның сыртынан арнайы спрей шашып жатады. Бұл әрекетіңізбен макияжыңызды бұзып аласыз. Макияж өз қалпында қалу үшін оның астына жағатын жақсы база қолдану ғана жеткілікті.
3. Көз макияжына көп түстер қолдану
Үйден өзіңіз көзіңізді бояғанда теньнің бірнеше түсін қолдансаңыз, ол сіз суреттерден көріп жүргендей шықпайды. Сондықтан көз пішінін айқындайтын бір немесе екі түсті қолданған жөн. Жаңа жылдық макияжға алтын немесе күміс реңкін қара, қоңыр немесе қою көк түсімен үйлестіруге болады.
4. Теріні тым жылтырату
Жаңа жыл болғасын, жылтыр көп болу керек. Ал теріні жылтыратуға көмектесетін құрал – хайлайтер. Әлеуметтік желілердегі қысқа видеолардан хайлайтерді беттің барлық бөлігіне және денесіне жағатынын жиі көреміз. Бірақ оны өмірде дәл солай қайталаудың қажеті жоқ. Хайлайтер жағу кезінде де шекті білу керек. Мысалы, бет әрлеушілер мұрнын визуалды түрде кішірейткісі келетіндерге хайлайтерді мұрынға жақпауды ұсынады, себебі ол, керісінше, көлем береді.
5. "Жасанды қас" әсері
Қарындашпен өте қалың немесе өте жіңішке қас салу макияжыңызды бірден бұзып жібереді. Оның орнына қасыңыздың табиғи пішінін табиғи түсті қарындашпен немесе теньмен жайлап қана айқындаңыз. Қастың қалыңдығы беттің басқа мүшелерімен үйлесіп тұруы керек.
6. Көзге де, ерінге де екпін қою
Егер кәсіби бет әрлеушіге барсаңыз, ол көзге де, ерінге де екпін қойылатын әдемі макияж жасап беруі мүмкін. Бірақ үйден олай жасасаңыз, макияж ойдағыдай шықпауы әбден мүмкін. Сондықтан макияж жасарда екпінді көз бен еріннің біреуіне ғана берген дұрыс.