- Негізгі бет
- Сымбат
- Беттегі және қолдағы...
Беттегі және қолдағы түкті ағарту
Түктерден арылудың бірнеше әдісі бар. Мысалы, балауызды эпиляция (емдік не косметикалық мақсатта денедегі түктерді кетіру) немесе шугаринг (қантты пастамен денедегі түктерді кетіру). Алайда бұл процедураларды үй жағдайында жасау оңай емес, ал салондарда бағасы қымбат. Салонға барып, процедураларды жасап, өзіңізге күтім жасаған жақсы. Себебі, мұндай процедуралардан соң, артық түктер уақыт өте кете бастайды, содан соң өспей қалады. Әрине ол үшін процедураларды бірнеше мәрте жасату қажет болады. Егер салонға қайта-қайта баруға қаражат немесе уақыт жетпесе, не істейміз деген сұрақ туады.
Мұндай жағдайда түктерді сутек тотығымен (перекись водорода) ағарту әдісін қолдануға болады. Түктердің барлығы бірден кетіп қалмағанмен, уақытша білінбейтіндей етеді. Сонымен қоса, бұл әдісті жасау үшін көп қаражат керек емес. Дәріханаларда сутек тотығының 3% түрі 50-100 теңге шамасында тұрады. Беттегі және қолдағы түктерді ағарту жолымен таныс болыңыздар.
Беттегі түктерді сутек тотығының көмегімен ағарту жолы
Беттегі түктен, соның ішінде көп шығатын еріннің үстіндегі және иектегі түктерді ағарту үшін сутек тотығы көмектеседі. Ол үшін 3 пайыздық сутек тотығына мақтаны малып, күн сайын 5 минут бойы түкті сүрту қажет. Бірнеше күн өткен соң түктер ағара бастайды, одан соң олар өзгеріп, көрінбейтін болып кетеді. Сутек тотығымен ағартудың басқа да жолы бар. Ол үшін қырынуға арналған көпіршікті сутек тотығымен 1:1 қатынаста араластыру қажет. Осы қоспаны түкті жерге жағып, 20 минут ұстайды. Одан соң оны жуып тастап, теріге құнарландырғыш крем жағып қойыңыз.
Қоспаға мүсәтір спиртін де қосуға болады. Сол кезде жылдам ағарады. Ол үшін 0,5 шай қасық спирт, 40 г сутек тотығы және біртекті қоспа шыққанша қырынуға арналған көпірік салып, барлығын араластырасыз. Осы қоспаны түкті теріде 10 минут ұстап, содан кейін жуып тастап, орнына крем жағып қойыңыз.
Қолдағы түктерді сутек тотығының көмегімен ағарту жолы
Қолдағы қара түктер де көпшілігі үшін мәселе туғызады. Олардан механикалық әдіспен құтылудың қажеті жоқ. Себебі одан соң түктер қатайып өсетін болады. Қолдағы түктерді ағарту үшін сутек тотығы мен жылы суды 1:1 қатынаста араластырыңыз. Пайда болған ерітіндіні басқа ыдыста (фарфор ыдыс болғаны жақсы) жарты шай қасық мүсәтір спиртімен және 1 шай қасық содамен араластыру қажет. Алдымен қоспаны тексеріп алыңыз. Ол үшін қоспаның бір тамшысын шынтақтың бүгілген жеріне тамызып, күтіңіз. Егер сол жер қышымаса және қызармаса, қолдана беруге болады. Егер түк қолыңыздың нәзік терісіне өсетін болса, алдын ала майлы крем жағып алыңыз. Қоспаны қолдың түктеріне жағып, жарты сағаттай ұстаңыз. Содан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Егер аздап шаншу болса, қорықпаңыз. Егер шыдатпай ашыса, қоспаны жуып тастап, басқа әдісін қарастырыңыз. Процедурадан соң, қоспа жағылған тері де аздап ағарып кетуі мүмкін, алайда ол бір күннен соң өз түсіне келеді.
А. Жапатова