- Негізгі бет
- Сымбат
- Арықтауға арналған жаттығулар...
Арықтауға арналған жаттығулар
Күнделікті жаттығу залына баруға уақыт немесе ақша жетпей жатады. Оның үстіне жұмыстан шаршап шығамыз. Осындайда жаттығуларда арнайы залға бармай, үйде орындай аламыз. Ал үйдегі жаттығуларды дұрыс орындау үшін мамандардың кеңесіне назар аударайық.
Шын мәнінде арықтағымыз келсе, барлығын күн тәртібіне сай орындағанымыз жөн. Жаттығулар аптасына 3 рет, 40 минуттан орындалуы тиіс. Әдетте жаттықтырушылар жаттығуды сүйсініп орындамасақ, еш нәтиже болмайтындығын айтады.
Үйде жаттығу жасау үшін бізге:
- салмағы 3-16 кг болатын бірнеше гантель;
- орындық;
- дайындыққа арналған кішкене кілем;
- ыңғайлы спорттық аяқ киім қажет.
Іске кіріспес бұрын бұлшық етті қыздыруға арналған жаттығуларды орындаймыз. Алдымен бұлшық етті қыздырып алмасақ, жарақат алып, артынша оны ұзақ уақыт бойы емдей алмай жүруіміз мүмкін. Жаттығуды бір орында тұрып жүгіруден бастаймыз. Артынша оңға, солға қарай кезегімен иілеміз. Арасында тіземізді кезек-кезек көтереміз.
Арықтауға арналған негізгі жаттығулар
1. Аяғымызды иық деңгейінде қойып, бір орында отырып-тұрамыз. Бұл жаттығуды 20 рет қайталаймыз. Арқамызды барынша тік ұстаған жөн. Кейін қолымызға гантель ұстап отырып-тұруымызға болады.
2. Орындыққа жатып, екі қолымызға гантель ұстаймыз. Артынша қолымыздағы гантельдерді кеуде тұсына әкеліп, біріктіреміз. Алғашында 12 рет жасасақ, жеткілікті болады.
3. Бұл жаттығу белдегі майдан арылуға көмектеседі. Кілемшенің үстіне жатып, тіземізді бүгеміз. Өкпеміздегі ауаны сыртқа шығарған кезде, қолымызбен белімізді тіреп тұрып, аяғымызды биікке көтереміз. Ал ауаны жұтқан кезде, керісінше аяғымызды түсіреміз.
4. Шеңбердің көмегімен арықтауға болады. Оның пластмассадан жасалған түрі арзан тұрады. Шеңберді айналдыру арқылы артық майдан арылып қана қоймай, ағзамыздағы зат алмасу процессін реттейміз. Оны күнделікті 10 минут бойы тоқтамай айналдырғанымыз жөн.
Жаттығуларды орындаған соң мүмкіндігінше тәтті, майлы тағамдар жемеген дұрыс. Әйтпесе еңбегеміз зая кетеді.
Ал сіз үйде қандай жаттығулар орындайсыз?
Қ. Бүйенбай