- Негізгі бет
- Сымбат
- Ароматерапия: Эфир майы...
Ароматерапия: Эфир майы
Ароматерапия. Терапия дегенге емдік шарасы деп ойлау – қате. Ароматерапия адамға таза әрі хош иіс сыйлайды. Мидың тынығуына, тыныс алу жолдарының тазалығына берер көмегі зор. Хош иіс дегенде еске бірден гүл, эфир майы, иіс су, әтір оралады.
Эфир майы – ағзаға әсері жоқ, хош иісті ұзақ ұстап тұратын, қолжетімді зат. Эфир майы өзге заттармен қосылыс түзгенде әртүрлі иіс беруі мүмкін. Ерте кезден бері хош иісті адамдар әртүрлі жағдайда қолданатын болған: медицинада, парфюмерияда, күнделікті тұрмыста. Қазіргі химия және нейробиология саласында эфир майын алып, оның ағзаға берер әсерін анықтау мүмкіндігі артып отыр. Эфир майы Көне дәуірде көп елде кеңінен қолданылған: Қытайда, Үндістанда, Грекияда, Римде. Эфир майын медицинада қолдану ХІХ ғасырдың аяғында ғана кең етек ала бастады. Негізінен ароматерапия әлі күнге дейін медицинаның бір баламасы ретінде танылып келеді. Эфир майындағы көптеген биологиялық белсенді заттың қосындысын түрлі мақсатта қолдануға болады. Ал мына айтылған өсімдіктерден алынған эфир майы адамға қалай әсер ететінін көрейік.
Раушан гүлінен алынған эфир майы шаршауды басып, тыныштандырады.
Самырсын, қарағай, шыршаның иісі жұқпалы аурумен күреседі, ағзаны сергітеді.
Апельсин көңіл-күйді көтеріп, өмірге оптимистік көзқараспен қарауға көмектеседі.
Иланг-иланг (кананга) өсімдігі уайымды тежеп, сананы тынықтырып, ағзаға тыныштық сыйлайды.
Лаванда ұйқысыздықты жойып, уайымды жеңеді.
Шай ағашы (чайное дерево) мидың қызметін күшейтіп, тез қалыпқа келтіреді.
Сандал ағашы жүйкені тыныштандырады.
Жаужапырақ (мелисса) ашуды тарқатып, жүйке жүйесін қалыпқа түсіреді.
Даршын (корица) шығармашылық күш сыйлап, танымды оятады.
Пачули (Үндістанда өсетін тропикалық өсімдік) айналадағы оқиғаларға дұрыс көзқараспен қарауға көмектеседі.
Эфир майын қолдану
Қолданудағы басты қауіпсіздік шарты – сапалы эфир майын таңдау. Ол табиғи болуы керек, өндірушінің заттық белгісіне назар аударған жөн. Эфир майын ішуге болмайды және оның сұйылтылмаған түрін теріге жағуға рұқсат етілмейді. Оны жақпа майларға қосып, теріге жағуға болады. Бір ескерерлік жайт: эфир майын жақпа майға араластырып жақсаңыз, далаға шығуға болмайды. Себебі, теріге кері әсер беруі мүмкін. Эфир майын бір рет қолданғаннан кейін бір-екі апта күту керек. Оның ағзаға не теріге берер әсерін білген жөн және жиі пайдалану қауіпті.
Г. Берік