- Негізгі бет
- Сымбат
- Алма сірке суының...
Алма сірке суының пайдасы
Алма сірке суын қолдан майонез дайындауда, қияр тұздауда және теріні тазарту мен шашты жылтыратуда пайдаланатынын білетін бе едіңіз? Алма сіркесін басқа қандай жағдайларда қолдануға болады?
Дүкендерде жиі сатылатын сірке қышқылын емес, табиғи сірке суын таңдап алыңыз. Оның табиғи екенін ажырату үшін қаптамасында жазылған күштілігіне назар аударыңыз, ол 4-5 пайыздан артық болмауы қажет. Егер алма сіркесі табиғи болмаса, жақсы нәтиже бермейді.
Алма сіркесі калий, натрий, фосфор, мыс, темір, фтор, пектин элементтеріне және A, B1, B2, B6, С, Е, Р дәрумендерімен қоса басқа да пайдалы микроэлементтерге бай. Өнім соншалықты бағалы элементтерге бай болғандықтан алма сірке суын біраз іске пайдаға жарата аламыз.
Сумен араластырып ішу
1 шай қасық алма сіркесін 1 стақан сумен араластырып ішіңіз. Ол артық салмақтан арылуға, бауырды тазартуға, қыжылдан құтылуға көмектеседі.
Бет терісіне күтім жасау
Бір бөлігі сіркеге, ал екінші бөлігі суға батырылған мақтамен бетті сүртіңіз. Нәтижесінде бет терісін сүртуге арналған тоник секілді әсер береді. Сірке суы терідегі ұсақ тесіктерді тарылтып, терідегі қабыну (безеу) іздерін кетіруге көмектеседі.
Шаш шаю
Алма сіркесі мен қарапайым суды 1:1 қатынаста араластырып, шашты шайыңыз. Сірке суы шашыңызды жұмсартып, жылтыратады.
Ас үй жабдықтарын тазарту
Бөтелкеге жарты стақан алма сіркесін құйып, бір стақан сумен араластырыңыз. Ол ас үй жабдықтарындағы майды және қатып қалған қыртыстарды кетіруге көмектеседі. Соңынан жағымды иіс қалдырады.
Жағымсыз иістен құтылу
Алма сірке суы мен қарапайым суды 1:1 қатынаста араластырыңыз. Дайын қоспамен тоңазытқыштың ішін, ас үй сөрелерін, қоқыс салатын ыдысты және басқа да жағымсыз иіс бар жерлерді жуып шығыңыз.
Арамшөптерден құтылу
Алма сірке суы мен қарапайым суды 1:8 қатынаста араластырыңыз. Дайын қоспаны су шаштын ыдысқа құйып, бақшадағы арамшөптерге шашыңыз. Сірке суы арамшөптен құтылуға көмектеседі. Арамшөптің жапырағы сарғайып, қурап кетеді.