Омбре техникасымен боялған шашқа күтім жасау

Қыздардың көпшілігі омбре шаш бояу техникасын жиі таңдайды. Себебі оның артықшылықтары көп: ол кез келген жастағы әйелге жарасады, кез келген ұзындықтағы шашқа үйлеседі және шашты визуалды түрде қалыңдатып көрсетеді. Бірақ омбре техникасымен бояу кезінде де таңдалған түске байланысты шаштың кей бөлігін ағартуы мүмкін. Шашты ағарту оны зақымдамай қоймайды. Сондықтан боялған шаш аса күтімді қажет етеді. Әйтпесе, маман шашыңызды әдемі етіп бояп бергенімен, қажетті күтім жасалмаса, шашыңыз көп ұзамай ұштанып, жағымсыз сары реңкке айналып, үрпейіп кетеді.

Басыңызды аптасына 2-3 рет жуыңыз
Боялған шашты аптасына 2-3 рет жуу ұсынылады. Бұл әдетке көшу басын күнде жуатын қыздарға қиын болады. Бірақ шаштағы бояумен қоса тазартушы құралдарды өте жиі қолдану шаштың сусызданып, жұқаруына ықпал етеді. Оның үстіне күнде бас жуу жаңа шаш түсін жылдам өзгертеді. Сондықтан көп ұзамай қайтадан шаш маманына бару керек болады.

Шашыңызды ылғалдандырыңыз
Боялған шаш – құрғақ шаш. Омбре кезінде шаштың ұшына көбірек бояу жағылады. Байқаған болсаңыз, әдетте, шаш ұшы құрғақ болып келеді. Ал оны боясаңыз, ол бұрынғыдан да нашарлай түседі. Сондықтан ылғалдандырғыш бальзам, маска және майлар қолданыңыз. Бальзамның әсерін күшейту үшін оған бірнеше тамшы май тамызып, оны 5-10 минут ұстаңыз.

Шашты ыстық құралдармен сәндемеңіз
Мүмкіндік болса, шаш үлгісіне арналған ыстық құралдарды қолданбаған жөн. Олар шашыңыздың жағдайын да, түрін де нашарлатып жібереді. Бірақ көпшілік ыстық құралдармен шаштарын реттемей, үйден шыға алмайды. Егер олардан бас тарта алмасаңыз, термоқорғаныш құралдар алыңыз және ыстық құралдармен су шашты күйдірмеңіз. Фенді де шаш өздігінен аздап кепкеннен кейін ғана қолданыңыз.

Су шаш – әлсіз шаш

Күлгін сусабын қолданыңыз
Омбре – бояу техникасы. Ал қандай түстен қандай түске ауысым болуын өзіңіз таңдайсыз. Егер ақшыл сары, сары түске ауысатын омбре таңдаған болсаңыз, оны жуа келе түсі әдемі емес сары түске айналады. Сондай сары реңкті кетіруге арналған күлгін сусабындар сатылады. Сусабынның түсін көріп, шашыңыз да сондай болады деп қорқудың қажеті жоқ. Ол шашқа тек суықтау реңк сыйлайды.

Лимон шырынын пайдаланыңыз
Егер қол астында күлгін сусабын болмаса немесе бітіп қалса, оның орнына лимон шырынын пайдалануға болады. Ол үшін шаш ұзындығына лимон шырынын жағып, 10-15 минуттан соң шайып тастаңыз. Жалпы лимон шырыны қосылған суға басыңызды шаюды әдетке айналдырыңыз. Себебі ол шашты жылтыратады және жұмсартады.

Лимон шырынының пайдасы