Көз бояу түрлері

Көз бояу түрлері

Егер сіздің көзіңіз айтарлықтай көлемді болмаса, не істеу керек? Макияждың көмегімен көзді үлкейтіп көрсетуге болады ма? Осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Мөлдіреген қарақаткөз бен қиылған қас – әр арудың сәні емес пе? Үлбіреген аппақ жүзді ерекше ажарландырып тұратын бота көз – баршамыздың арманымыз.

 Жанарыңызды айқындап, көзіңізді көлемдірек етіп көрсеткіңіз келсе, макияждағы бірнеше ережеге назар аударғаныңыз жөн. Қасыңыздың пішініне, көзіңіздің қиығына, кірпігіңіздің ұзындығына, жасаған макияжыңызға мән беріңіз.

1. Қастың пішіні

 Ішкі, яғни төменгі жағын (қастың ең жоғарғы нүктесінен төмен қарай) пинцетпен жұлып, қасыңызды сәл де болса жоғары көтеріңіз. Одан кейін қас түгінің түсіне қарай арнайы қас бояуларымен бояңыз. Бірақ бояуды шамадан тыс жағып, сайқымазаққа ұқсап қалмаңыз. Қастың ең жоғарғы нүктесінің бояуы айқын болуы керек. Ал өзге тұсын біркелкі етіп бояңыз.

2. Кірпіктің ұзындығы

 Ұзын, әрі қайырылған кірпік көз көлемін үлкейтіп көрсетеді. Ал ол сонымен қатар қалың болса, тіпті керемет. Егер кірпігіңіз тумысыңыздан ұзын, әрі қалың болса, тек қана тушь қолданып, әдемілеп қайырып қойыңыз. Мұндайда кірпікке көлем беретін тушь қолданғаныңыз дұрыс. Ал егер кірпігіңіздің түсі ашық, әрі сирек болса, онда жасанды жапсырма кірпік қолданып көріңіз. Сондай-ақ, кірпігіңізді сұлулық салондарында арнайы бояумен боятуыңызға болады.

3. Макияждың сиқыры

 Косметикалық өнімдерді орнымен дұрыс пайдалана алатын жан макияждың көмегімен көп жетістікке қол жеткізе алады. Беттегі қандай да бір дақтар, безеулер мен әжімдер былай тұрсын, тыртықты жасырып, беттің пішінін де өзгертіп көрсете алады. Сонымен қатар макияж көзді үлкейтіп көрсетуге де қауқарлы. Ендеше, макияжды қалай дұрыс жасауды меңгеріп алу керек. Егер көзіңізді үлкейтіп көрсеткіңіз келсе, алдымен, қандай бояу, қандай сүрме қолдану керектігін біліп алыңыз.

Көз бояудың бірінші түрі – ақ түс.

Ақ сүрмемен қабағыңызға ақшыл реңк беріңіз. Жанарыңызды айқындай түскіңіз келсек, ақ қарындашпен бояңыз. Көзіңіздің астыңғы қабағын ақ түсті қарындашпен сызыңыз. Ал жіңішке қара қарындашпен үстіңгі қабағыңыздың ортасынан бастап, сыртына қарай жүргізіңіз. Одан кейін қою түсті бояулармен қабағыңыздың ішкі(алдыңғы) және сыртқы (артқы) бөліктерін бояңыз. Ал жоғары қабақтың орта тұсын ашық бояулармен толтырыңыз.

Көз бояудың екінші түрі – смоки-айс.

 Көзді үлкейтіп көрсету үшін жоғарыда ақ түсті қолдансақ, енді, керісінше, қара түстерге басымдық береміз. Мұндай макияж қою түстерден басталып, ақшылмен аяқталады. Ол үшін түстерді өзара ойната білу керек. Қошқыл, қара – қою түстер көзді кішірейтіп көрсететіндіктен, сүрмені дұрыс таңдап қана қоймай, дұрыс жаға алудың да маңызы мол.

Егер «стрелкалы» макияж жасағыңыз келсе, жіңішке қылқалам мен қоюлау сүрме таңдағаныңыз дұрыс. Жіңішке сызықтармен үстіңгі қабағыңыздың орта тұсынан сыртына қарай сызық жүргіңізіңіз. Сызығыңыз кірпігіңіздің түбіне барынша жақын болсын. Сызық айқын болуы үшін гельді сүрме қолдануыңызға болады.

Бұл кеңестер мен дұрыс таңдалған, сапалы косметикалық өнімдер көзіңізді үлкейтіп, жанарыңызды жарқыратып көрсетуге көмек болады.

anabol.kz

А. Оралқызы