Теріні Лазло жүйесі бойынша жуу

Эрно Лазло қартаю жүйесін баяулатуға көмектесетін, теріге әсер ететін түрлі әдістерді зерттеді. Ол заманауи зертханалардың және жоғары технологиялық ингредиенттердің көмегіне жүгінбей, еңбекті көп қажет етпейтін әрі тиімді тері күту жүйесін ойлап тапқан.

Таңертең немесе кешкісін Лазло жүйесі бойынша жуыну минимум 30 минут уақытыңызды алады. Барлық ережесін сақтап, күнделікті уақытылы орындағанда ғана жақсы нәтиже болады. 

Лазло жүйесінің артықшылығы:

- безеу мен қара нүктелер жойылады;

- микроайналым арнасының жоғарылау себебінен бет терісінің түсі жақсарады;

- тері өздігінен жаңарып тұрады;

- массаждық қозғалыстың және контрасты жуынудың әсерінен тері тығыздығы жақсарады;

- Тері тесіктері кішірейеді.

Бірінші этап: буға ұстау

Суды бетке тигізбей, ыстық душтың астында тұрыңыз. Судың температурасын шамаңызға қарай барынша жоғарылатыңыз. Лазло дәрігердің айтуынша, теріні кем дегенде 10 минут буда ұстау керек.

Екінші этап: май жағу

Буланған, бірақ әлі де құрғақ бет терісіне косметикалық май жағыңыз. Дүкеннен алынған кез келген май немесе үй жағдайында жасалған май болса да қолдана беруге болады. Қарапайым зәйтүн майын қолдансаңыз да болады. Майды массаждық қозғалыспен беттің ортасынан шетіне қарай жағу керек.

Үшінші этап: сабындау

Легенге толтырып ыстық су құйыңыз. Легендегі суға сабын салып жіберіңіз. Сол кесек сабынмен май жаққан теріге массаждық қозғалыспен жағыңыз. Содан соң сабынды тағы бір рет ыстық суға салып, көпіртіп, сол сабынды сумен беттегі барлық майды кетіріңіз.

Төртінші этап: шаю

Легендегі сабынды су бөлме температурасына дейін суып, көпірігі басылған соң сол сумен бетіңізді 80 рет шайыңыз. Иә, 80 рет. Бұл қате сан емес. 

Бесінші этап: ылғалдандыру

Бетіңізді суық сумен шайып жіберіп, күнделікті қолданып жүрген ылғалдандырушы крем немесе лосьон жағып алыңыз. 

Жүйені ойлап тапқан автордың айтуынша, күнделікті орындаған жағдайда 1 айдан соң жақсы нәтиже болады екен.