Фитнеспен үйде айналысқыңыз келсе...

Келбетіміз мінсіз, ал дене бітіміміз сұлу болуы үшін фитнес біздің айнымас досымызға айналуы тиіс. Ал өзіміз армандаған нәтижеге қол жеткізу үшін бағдарламасының дұрыс құрылғаны жөн.

Соңғы кездері көп қыз фитнеспен үйде айналысуды жөн көреді. Бұл жаттығу залына баратын уақыттың жоқтығымен, еліміздегі экономикалық жағдаймен байланысты болса керек. Шындығында, үйдегі жаттығулардың әсері спорт клубтағы жаттығулармен бірдей. Бар болғаны кішігірім тәжірибе мен үлкен ерік-жігер керек. Бұдан өзге детальды құрастырылған жаттығу бағдарламасы қажет болады.

Бағдарламаны қалай құрастырамыз?

Ең алдымен, мақтасымызды анықтаймыз. Яғни қандай нәтижеге қол жеткізгіміз келетіндігін анықтаймыз. Бұл арықтау, аяқты немесе қолды шынықтыру, белді айқындау сынды мақсат болуы мүмкін. Бағдарлама шындығында нені қалайтыныңызды түсінген кезде ғана дұрыс құрылады.

Кейін жаттығатын күндерді анықтаймыз. Бұл мәселеде сабыр сақтап, өзімізді жаттығу залында тұрғандай сезінуіміз қажет.

Ыңғайлы уақытты тек өзіміз анықтай аламыз. Бұл сіздің күн тәртібіңіз бен биоритіміңізге байланысты. Яғни жаттығу жасайтын кезде ұйқыңыз келмей, өзіңізді сергек сезінуіңіз тиіс. Мұнымен қатар, жаттығу мен тамақ арасында кем дегенде 1,5 сағат айырмашылық болуы керек.

Жаттығудың бағытын анықтаңыз

Бүгінгі таңда көп қыз youtube видеолар желісіндегі дайын бағдарламаларды таңдайды. Сіз де өзіңізге бәрінен де қаттырақ ұнайтынын таңдаңыз. Ал арықтағыңыз келсе, ойланбастан дененің барлық мүшесіне арналған бағдарламаларды қараңыз. Егер төзімділігіңізді арттырғыңыз келсе, күш жұмсайтын жаттығуларды таңдаңыз.

Қағаз бетіне түсіруді ұмытпаңыз

Қай күні қандай жаттығу жасайтыныңызды дүйсенбі күні «а» жаттығуы, сейсенбі күні «ә» жаттығуы, сәрсенбі күні «б» жаттығуы деп нақты жазыңыз. Артынша әр жаттығу түріне кіретін жаттығу түрлерін жазып шығыңыз. Мұнымен қатар, жасаған жаттығулардан алған әсеріңізді де жазып отырсаңыз болады.

Бір бағдарлама 3 айға жетеді. Ары қарай міндетті түрде жаттығу түрлерін ауыстыру қажет.

Ал сіз үйде фитнеспен айналысасыз ба?