Жігіттердің арманындағы ботагөз ару болу оңай ма?

Жігіттердің арманындағы ботагөз ару болу оңай ма?

Шіркін, сұлу болып көріну үшін аруларымыз не істемейді? Қасын, көзін бояу жолда қалып, жасанды кірпік жалғап не өсіріп, татуаж жасап әлек болады. Әрине, кім әдемі болғанды қаламайды дейсіз. Ботагөз ару талай жігіттің арманы шығар.

Дегенмен көзге баттиып жалғандығы білініп тұратын жасанды қас пен кірпік кісіні еліктіріп тартпақ түгілі, жиіркенішті әсер қалдыратыны өкінішті-ақ.

Сыртқы сұлулығыңызбен бірден баурап алсаңыз да, келе-келе жігітіңіз ішкі жан дүниеңізге, мінез-құлқыңызға үңіле бастайды. Сондықтан визажиске ең болмағанда бір рет барып, табиғи әрі сұлу етіп көрсететін қандай макияж жасау керектігін үйреніп алыңыз. Себебі, әр адамның бет әлпеті әртүрлі болғандықтан, оған индивидуалды түрде қарау керек. Жақсы маман сізге қалай дұрыс бояну керектігін, қандай косметика пайдалану қажеттігін анықтап береді.

Кірпік жалғамай-ақ "Tutu" сияқты көлем беретін сүрмелерді (тушь) пайдалануға болады. Ал әдемілеп түзетілген қасты әрлеуге визажистер соңғы кезде қарындаштар ғана емес, арнайы қас бояуын (тени) да (мысалы, "Black Up", "Tutu") қолданып жүр. Бұлар, әрине, жалғанған кірпік секілді ұзын қыла алмаса да, әлдеқайда сымбаттырақ, табиғи етіп көрсетеді. Ал тым ұзын кірпіктер жасанды екені байқалып тұрғаны жақсы ма?

Кешке макияжды сүртіп, тазартқаннан кейін, қас пен кірпікке үпілмәлік майын (кастор) жаққан тиімді. Ол жиі және үзбей қолданудың нәтижесінде қасыңыз бен кірпігіңізді өсіріп әрі қалыңырақ етеді.

Кірпік жалғаған көзге зиянды әсер етеді, яғни микробтар түсіріп, көру қабілетін төмендетеді. Жасанды кірпікті де 3–5 сағаттан кейін шешу керек.

Көбіне аруларымыз "не үшін кірпік өсіртіп алдың?" деген сұраққа "күнделікті айнаның алдында өткізетін уақытымды үнемдеу үшін" деп жауап береді. Рас па, өтірік пе, көп жағдайда бұл шындыққа жақын қабылданады әрі мағыналы әрекетке де саналады. Тіпті, соңғы кезде көздің үстіне татуаж секілді бояуды жасатады. Ол айлап тұратындықтан, күнделікті боянудың қажеті жоқ. Бұл нағыз ерінудің ісі ме әлде дұрыс әрекет пе? 

Сурет: vk.com

Ф. Абилова