Қысқа шашты түю тәсілдері

Қысқа шашты түю тәсілдері

Төбеге түйілген шаш үлгісі кез келген киіммен үйлеседі және кез келген өмірлік жағдайларға жарасады. Көзтартарлық шаш үлгісін жасауға бірнеше минут қана кетеді. Оны тек ұзын және орташа ұзын шашқа емес, біраз тырысып көрсеңіз, қысқа шашқа да жасауға болады.

Шаш үлгісін жасамас бұрын...

Шашты әдемі түю үшін мына заттарды алдын ала дайындап қойыңыз:

- шашқа көлем беретін көбік немесе бұйралықты кетіретін крем;
- шашқа арналған мусс;
- шашқа арналған лак;
- тарақ;
- жіңішке резеңкелер;
- шашқа арналған қысқыш;
- шпилькалар;

Шаш үлгісін жасамас бұрын шашты сусабынмен жуып, кептіріп алыңыз. Егер шашыңыз түзу болса, оларға көлем беретін көбікті жағыңыз, ал егер бұйра болса – бұйралықты кетіретін арнайы крем қолданыңыз.

Қысқа шашты түю амалдары

Шашты түюге дайындап алған соң, оны желке тұсына қарай резеңкемен буып қойыңыз. Буылған шашты тарақпен түтіңіз. Түтілген шашты бірнеше бұрымға бөліңіз, шамамен 8-9 дана. Бір бұрымын қолыңызға алып, резеңкеден бастап, шаштың ұшына дейін «гармон» тәріздес қабаттаңыз.

Кейін «гармонның» үстінен шпильканы өткізіп, шашқа бекітіңіз. Басқа бұрымдарға да дәл солай жасаңыз. Нәтижесінде ерекше көлемді шаш түйіні пайда болады. Оны лакпен қатырып қойыңыз. Оны барынша молынан себіңіз, әйтпесе түйін пішінін жоғалтып, тарқап кетеді. Самай шашқа ерекше назар аударыңыз, өйткені қысқа шашта дәл осы аймақтағы шаш тез тарқайды.

Қысқа шашта ширатылған түйін жасау

Шашты тарап, теңдей екі бөлікке бөліңіз. Оның әрқайсын құлақтан бастап, тағы екіге бөліңіз. Жартыларды бір-бірімен айқастырып, бұраңыз. Ширатылған бұрым шыққан соң ұшын резеңкемен бекітіңіз. Екінші жақтың бөлінген бұрымдарын да дәл солай істеңіз.

Әр қолыңызға бір ширатылған бұрымнан алыңыз да, желке тұсында бау байлағандай байлаңыз. Байланған тұстың екі жағында шаштың ұштары көрініп тұрады. Байланған жерді шпилькамен шашқа қыстырыңыз, ширатылған бұрымнан резеңкені шешіңіз де ұшын түтіп жіберіңіз. Шашқа лак сеуіп, қатырыңыз.

Сурет: vivabeauty.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina