Өрмек өнері сөздігі

Өрмек – алаша, басқұр, қоржын, кілем т.б. тоқитын көптеген бөліктен тұратын күрделі тоқыма құрал.
Термелі өрмек – кілем тоқитын құрал. 

Жәй өрмек – бұған енсіз құр, бау,  терме, басқұр сияқты бұйымдар тоқылады. Жәй өрмек бірнеше бөліктен, құралдан құрылған.
Қазық – желі және өрмек өрісі үшін қажетті қазықтар.

Кергіш қазық – өрмек өрісін алдыңғы жағынан керіп тұрады.
Күйеу қазық – өрмекті арт жағынан керіп тұратын қазық. «Жетім қазық» деп те атайды.

Күзу шыбығы – арқау жіп өткізетін ағаш шыбық.
Күзу арқалығы – күзу шыбығын тең көтеріп тұрады.

Мосы – арқалықты көтеріп тұратын үш бұтты құрал.
Адарғы – өрмек өрісінің астыңғы және үстіңгі беттерін айқастыратын ағаш құрал.

Серу ағаш – өрмек өрісі енін, жіптерін бірдей етіп ұстап тұратын құрал.
Жүгіртпе – арқау жібін өткізіп тұратын құрал.

Қылыш – адарғыдан кейін арқау жібін тығыздайтын қылыш тәрізді ағаш.
Бақылау жіп – өріс жіптері шатаспау үшін қолданылатын (буатын) бөлек жіп.

Тергіш – өрнек шығару үшін түрлі-түсті жіптерді теретін, іріктейтін ағаш құрал.
Еркек жіп – күзуде  тұрған желі жіптерінің үстіңгі беті.

Ұрғашы жіп – астыңы беті.
Шатыс – еркек және ұрғашы жіптердің адарғы арқылы айқасуы.

Тарту жіп – күзуді қозғалмау үшін қатты тартып бекітіп қоятын мықты жіп.
Жіп қашу – желі жіптерінің үзілуі.

Арқау – тергіштен кейін шатысты ұстап қалатын, жүгіртпеге оралған арқау жіп.

Ұқсас жазба:
Қолдың сәні – білезік

Сәукеле сән береді сұлуларға