Достоевскийдің нақыл сөздері

Бұл күні Достоевскийдің атын естімеген бірде-бір адам жоқ шығар. Ең болмағанда, әлем әдебиетіне қызығып, ізденіп жүрген адамдардың бұл кісі туралы білмеуі мүмкін емес. 30.10.1821 — 28.01.1881 жылдар аралығында өмір сүрген орыстың ұлы жазушысы қалдырып кеткен құнды сөздерді назарларыңызға ұсынамыз. 

Шектен тыс өзімшілдікке бой ұру - өзіңді сыйлағандықтың белгісі емес. Тірлікте зұлымдардың үш түрі бар: бірі - өзі ісін дұрыс деп есептегендіктен ғана зұлымдық жасайтындар, бірі - өз ісінің жамандық екендігін білсе де, өзіне тоқтау салуға қауқары жетпейтіндер, бірі - ісінің жамандық екендігін білсе де, жасаған зұлымдығынан ләззат алатындар. Адамшылық қасиеттерді оятуды мақсат қылмай сүрілген өмір - өте сұрықсыз болады. Тамақ жеп, ұйықтауды жан-жануарлар да біледі. Адам баласы олардан биік тұруы керек. Адам өзінің ақымақтығын мойындаған кезде ғана ақылдылыққа бой ұра бастайды. Адам баласы кез келген нәрсеге бой үйрете алатын жаратылыс. Білім мен еңбек қана адамды мұратқа жеткізеді. Адам баласы өзінше бөлек әлем іспетті. Тек сол кеудеде жақсылықтың тамшысы болсын деп тілеңіз. Жарасымды әзіл - тереңдіктің белгісі. Мен зұлымдықтың адам бойындағы табиғи қасиет екендігіне сенбеймін және ешқашан сене алмаймын. Жаратушыны іздеген адам оны кеңістіктен іздемесін, айналасындағы жұрттың махаббатынан іздесін. Адамды танығыңыз келсе, оның сөзіне де, ісіне де, қимылына да назар аудару міндетті емес. Тек оның күлген кезінде ғана зер салып қарасаңыз жеткілікті. Күлкісі тартымды адамның өзі де жақсы болады. Әлемдегі әр адам жер бетіндегі әр жан үшін өзін жауапты сезінуі керек. Бөтенді сыйлай алмайтын адам өзін де сыйлауы екіталай. Орыс халқының ең жақсы қасиеті - әділеттілікті жан-жүрегімен қалайтындығы. Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет - ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой. "Қоғамды сақтап қалу үшін" адамды қырып-жоюға баратын цивилизацияны қарғыс атсын. Табиғатты сүймеген адам халықты да сүймейді Әр халық өз тілін жетік меңгеріп алса, бөтен тілді де еш қиындықсыз меңгере алатыны анық.

сурет: profliqa.blogspot.com