Таңжарық ақынның ұрпақтары кім?

Таңжарық ақынның ұрпақтары кім?

Таңжарық Жолдыұлы – Алаш идеясының қытай қазақтары ортасындағы таратушысы. Ол - Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін салушы қаламгерлердің бірі, ақын, айтыс ақыны. Сол асылдан қалған сынық жайлы бүгінгі оқырман біле ме? Таңжарық ақынның өмірінде қандай құпияға толы жағдайлар болды? Оны қазақ жұрты кім арқылы таныды деген сұрақтармен оқырманды таныстыру үшін белгілі журналист Жанболат Ауыпбаевтің сұқбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Таңжарық ақын… Осы бір тамаша талант иесі туралы қалың көпшілік бертінге дейін көп ештеңе білмей келді. Оған себеп, біріншіден ол шетелде туып, өмір сүрді. Сондықтан да шығармалары отандастарына өз уақытында жете қоймады. Екіншіден, арғы беттен ұлы көш қозғалып, Таңжарықтың туындылары кеңестік Қазақстанға солар арқылы енді келе берген кезде екі мемлекет арасындағы саясат өзгерді. Соған байланысты ақынды байқап насихаттады. Қытайда əлі ақталмаған тұлға болғандықтан, сақтықпен таныстыру қажет болды. 

Десек те осы бір ғажап адамның аты мен үні құбылмалы мінез танытқан саясаттар ызғырығы арасындағы сəл-пəл туа қалған жылымық кездерде оқырмандарымызға естіліп қалып жатты. Сондай бір сəттерде оны өз Отанына ең алғаш таныстырған адам - ақсақал жазушымыз Сəбит Мұқанов. 1956 жылы ҚХР-ға КСРО Жазушылар одағының атынан үш қаламгер шақырылған. Аталған елге солардың бірі болып барған Сəбең көрші мемлекеттің қазақтар мекендейтін Шыңжаң өлкесін асықпай аралап, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысқан. Елге қайтып келген соң “Алыптың адымы” атты танымдылығы мол деректі кітап жазған. Міне, сонда Таңжарық ақын, оның мұғалима қызы Сара мен күйеу баласы, жазушы Бұқара Тышқанбаев туралы тұңғыш рет егжей-тегжейлі айтылған-ды. Одан соң… иə, одан соң арада 17 жыл уақыт өткенде əнші Дәнеш Рақышевтің орындауымен Ташкенттегі бүкілодақтық “Мелодия” – дыбыс жазу студиясынан Таңжарықтың “Амандасу” əні жеке күйтабақ болып шықты, 1974 жылы “Жазушы” баспасынан ақынның “Арман тау” жыр жинағының жарық көріп, есімі 1977 жылы Қазақ совет энциклопедиясының 10-томына енген болатын.

Біздің білуімізше, кеңестік кезеңде Таңжарық ақын туралы Қазақстанда атқарылған жұмыстар, міне осылар. Ол жəне оның шығармашылығы туралы ауқымды істер еліміз тəуелсіздік алған соң одан əрі дəйектілікпен жалғаса түсті деуге болады. Оған 1992-2002 жылдар аралығында Шыңжаңнан келген əдебиетші-ғалым Оразанбай Егеубаевтың Алматыда ақынның екі томдығын шығаруды қамтамасыз еткені, зерттеуші Дүкен Мəсімханұлының “Сарап” кітабында өзіміз сөз етіп отырған тұлғаның шығармашылық қырлары егжей-тегжейлі талданғаны, жазушы Тұрлыбек Мамасейіттің “Таңжарық” романын жазып, дүниеге əкелгені дəлел. Биыл өмірінің тең жартысы қуғын-сүргінде өтіп, Қытай елінде сенімсіз элемент атанған, ол ауыр айыптан тек ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында ғана арылып, жұлдызы сонан соң ғана барып жанған тума таланттың туғанына 100 жыл толады. Қазір ақынның бұл мерейтойын екі мемлекет те кеңінен атап өтуге қам жасауда. Соның қарсаңында біз Таңжарық Жолдыұлының бүгінде Алматы қаласында тұратын қызы Сара апаймен (Сара Таңжарыққызы Тышқанбаева) жолығып, əңгімелескен едік.

ЖАЛҒАСЫ

Автор: Жанболат Аупбаев

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: writers.kz

M. Auelkhan