Таңжарық ақынның ұрпақтары кім? #жалғасы

Таңжарық ақынның ұрпақтары кім? #жалғасы

(Басы)

– Көзіқарақты оқырман қазір ақынның шығармашылығымен жақсы таныс деуге болады. Бірақ, елдің оның отбасылық өмірінен жəне ұрпақтарынан хабары жоқ. Көп ештеңе білмейді. Алдымен, міне, осы жөнінде айтып берсеңіз.

– Əкем екі рет шаңырақ көтерген кісі. Алғашқы шешемізден Уəлихан есімді перзент болған. Ол Шыңжаң тастады. Жоғарыда айттым ғой, шешем пысық кісі еді деп. Мына қиындыққа ол кісі асып-сасқан да, абдыраған да жоқ. Керісінше, қайраттанып, бір ұйғырдың үкінің ұясындай құжырасын жалдап алды. Сөйтті де елдің көйлек-көншегін тігіп, дəулетті адамдардың қыз-қырқындарын үйіне барып оқытып мені асырауға, ешкімнен кем қылмай өсіруге кірісті. Күн аралатып Құлжаның орталық түрмесіне барамыз. Күзет бастығы əкеммен жолықтырмайды, тек əкелген тамақты ғана ішке кіргізуге рұхсат етеді. Осылайша бес ай өтті. Содан кейін бəрі де сап тиылды. Сөйтсек, ол кісіні Үрімшіге алып кеткен екен.

– Бұдан кейін сіздер қайтіп өмір сүрдіңіздер? Ел ішінде анаңыз екеуіңізге көмектескен адамдар болды ма? Ақынның артынан Үрімшідегі түрмеге достары іздеп барған деседі. Олар кімдер еді? Есіңізде ме?

– Осыдан кейін бізге енді Құлжада қалудың мəнісі болмады. “Елге барайық, сондағы жөн білетін үлкен кісілермен ақылдасып, əкейдің артынан іздеп баратын адам табайық”, – деген оймен шешем екеуміз ауылға қайттық. Мен сол 1940 жылғы жазда гимназияның жетінші сыныбын аяқтаған едім. О заманда бұл институт, техникумды бітіргенмен бірдей үлкен оқу болатын. Сондықтан да кеудемде: “Күнеске жетсек, жұмысқа орналасып қалармын”, – деген ой да жоқ емес еді. Əкеміздің туыстары Іле өңіріне белгілі адам – атақты Сасан бидің ауылымен бірге отыратын. Өзі бай, өзі болыс болған сол адамның Жайырбек деген ер көңілді ұлы бар-ды. Міне, сол кісі: “Ақынның отбасын тарықтырмайық. Бұлар бізді ел деп іздеп келді ғой. Сондықтан, жағдай жасайық”, – деп мені Бестөбе ауылына мұғалима етіп орналастырды. Шешеме екі бөлмелі үй беріп, жазда жайлауға шығарып тұрды. 1942 жылы Үрімшідегі əкемнен өз амандығын айтып, киім-кешек сұратқан хат келді. Мына хабарды естіген жұрт: “Ой, сабаз-ай! Тірі екен ғой!” – деп бір дүрлікті. Сөйтті де əкеме бүкіл ауыл болып сəлем-сауқат əзірлей бастады. Көлемі бір тең болатын бұл жүкті Жайырбектің ақылымен Үрімшіге жөн-жосықты білетін Қонысбай деген кісі алып кетті. Ауылда біз осылайша үш жыл тұрдық. 1944 жылдан бастап  гоминдань үкіметінің десі қайта бастады-ау деймін, ішкергі жақтағы түрмелерден босаған адамдар келе бастады. Əкейден де бір хабар болып қалар ма екен деп біз енді Құлжаға барып тұруға жиналдық. Онда баяғы қазақ уишмасы бар емес пе?! Міне, сондағы орталық клуб өз жұмысын мықтап қолға алып, неше түрлі мəдени шараларды жандандыра бастапты. Əдебиет секциясын осы күнгі белгілі қаламгер Құрманбай Толыбаев басқарса, əн-күй үйірмесіне қазіргі өнертану ғылымының профессоры Əмина Нұғыманова апамыз жетекшілік етеді екен. Осы жерде мен қайтадан шыға бастаған “Іле” газетінің редакторы əрі гимназиядағы сурет пəнінің мұғалімі Бұқара Тышқанбаевпен таныстым.

– Əкеңіздің түрмеден босанғанын кімнен естідіңіздер? Бұл хабар елге қалай жетті? Достары, тілеулестері ақынды қай жерде қарсы алды? Сол оқиғаның ішінде сіз өзіңіз болдыңыз ба?

– Ол уақытта Құлжадағы қазақ зиялыларының тіршілігі мынадайтұғын. Ұлтымыздың оқыған-тоқығандарының бəрі күз, қыс, көктем бойы үкімет мекемелеріндегі жұмыстарын тапжылмай істейтін де жаз шыға қырдағы ел арасына барып: сауатсыздықты жоюға, концерт қойып, медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге, түрлі тақырыптарда лекция оқуға аттанатын. 1946 жылдың жазы шыға бере біз анам екеуміз осындай бригадамен Күнес ауданына бет алдық. Жайлаудағы елде бір айдай болып, тау етегіне түскенімізде: аймақ басшылары гоминдань үкіметімен келіссөз жүргізіп, Үрімшідегі саяси тұтқындарды босатып алуға қол жеткізіпті. Бостандыққа шыққандардың ішінде Таңжарық ақын да бар екен. Сүйінші!” – деген хабар жетті. Мына сөзді естігенде шешем екеумізде ес қалмады. Қалаға жетуге асықтық. Құлжамен екі арадағы жолда Тоғызтарау деген жер бар. Міне, сол елді мекенге жете бергенімізде алдымыздан бір топ атты адам көрінді. Орталарында – əкем! Жылап-еңіреп тұра ұмтылдық. О баста: “Алты жыл тар қапаста жатқан адам ғой, əбден азып-тозып біткен шығар”, – деп ойлағанбыз. Сөйтсек олай емес, өңі жақсы көрінді. Кейін білсек, əкем түрмеден қыс аяғы бітіп, қар ери бастағанда босапты. Содан Үрімшіде үш айдай ес жиып барып, елге содан кейін келіп тұрған беті екен. Осыдан соң көп ұзамай мен жазушы-драматург Бұқара Тышқанбаев ағаларыңа тұрмысқа шықтым. Əкем қатты қуанып, сол баяғы қазақ уишмасы орамының ауласындағы орталық клубта бізге үлкен той жасап берді. Сөйтті де сол күзде шешем Бəтиді ертіп, үкіметтің өзіне лайық көріп берген жұмысы орман шаруашылығының бастығы қызметін атқару үшін Күнес ауданына жүріп кетті. Содан бір жылдан соң… иə, тура бір жылдан соң қайтыс болды ғой.

СОҢЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Автор: Жанболат Аупбаев

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: writers.kz


M. Auelkhan