- Негізгі бет
- Көкжиек
- Шерхан Мұртаза. Асқар...
Шерхан Мұртаза. Асқар айтқан соң...
Арамыз кереметтей жаймашуақ дос едік десем, ол жалған болады. Жеккөрісу де жоқ. Заманның талабына орай кейбір қылықтарын ұнатыңқырамасам да, талантын сыйлап, сыпайы сәлемдесіп қана жүруші едім.
Ұмытпасам, жетпісінші жылдардың іші шығар, басшылар маған Ереванға барасың, Налбандянның тойы өтеді, соған катысасың. Қасыңа өзің қалаған бір жазушыны қосып ал деді.
Налбандянның кім екенін жалпы білемін, бірақ шығармаларын шекіп оқыдым десем өтірік. Алыстағы армянның өткен ғасырдағы ұлы ойшылын қазақ ақын-жазушыларынан кім білуі мүмкін?
Ары ойлап, бері ойлап лайықты кісі таппай, Жазушылар одағындағы қызметіме келе жатыр едім, Қара шаңыраққа кіре берісте алдымнан Асқар шыға келді. Басында ақ қалпағы бар. Кәдімгі ақ і .қалпақтың. өзін ол мәнерлеп, өзінше оймыштап, біртүрлі сәнмен киетін.
Жайшылықта бірде бас изесіп, бірде сұлықтау ғана амандасатын екеуіміз бұл жолы бір-біріміздің қолымызды қысысып, сәл үнсіз тұрып қалдық.
— Старик, ты чем-то озабочен? — деді Асқар тұңғиық нәркес көзін мұң шалғандай, қасын керіп.
— Рас.
— Чем могу помочь?
— Ереванға барасың ба?
— Сізбен бе? (Енді «сізге» көшті).
— Иә.
— Онда не бар?
— Налбандянның тойы бар.
— С удовольствием.
Ол Созақтың сахарасында емес, Еуропаның қақ ортасында өскен джентельменше қалпағын алып, бас иді.
— С вами превеликим удовольствием.
Айтарын айтсам да, артынан ойланып қалдым. Өйткені мына заманның, мына қоғамның сызып қойған шеңберінен шығып кете беретін, уақытын тар жүгеніне басы сыймай қоятын мінезі болушы еді. Ол мінезді Алматыда, Жазушылар одағының үйінде көтерерсің, ал бөтен елге барғанда қалай болады?
Неде болса, тәуекел.
Сонымен Ереванға бардық. Әуежайға табанымыз тигеннен - ақ Асқар баяғы - баяғыда, адамзат баласының ала көбең таңы жаңадан атқанда өмір сүрген Урарту дейтін мемлекеттің тарихын, мынау әуежай жанында жатқан ескі қаланың орыны екенін айтып сайрап ала жөнелді. Күтіп алушы армян жазушылары бұған таң қалды: «Арменияда бұрын болып па едіңіз?»
— Жоқ. Бірінші рет. Онда да мына Бәйдібек шалдың аркасы, — деп мені меңзеді.
— Қалайша? Бұл кісі Шерхан Мұртаза емес пе?
— Бәйдібек деген тентек бабасы болған. Менің жездем. Бұдан мың жыл бұрын жасаған.
Армяндар түсінбей аң-таң. Асқардың әзіл - қалжыңына қанықпаған, қайдан білсін.
— Мың жыл бұрын жасаған кісі қалай жездеңіз болады? — деп күледі армяндар.
— Менің апамды алған. Мен Мухаммед пайғамбардың нәсілімін. Ақсүйек. Ол кезде қараға, қазаққа қыз бермегенбіз. Бірақ бүл кісінің бабасы Бәйдібек алған. Өйткені «нахал» болған.
Армяндар қарқылдап күлсін.
— «Нахал» емес, батыр болған ғой.
— Солай деп түсінсеңіз таласым жоқ. Батыр ғана емес, ақылды болған. Әйтпесе, менің апам анау-мынау қазаққа тимейді ғой.
Сөйтіп, өзінің өткірлігімен, тапқырлығымен, ағыл-тегіл білімімен орысша таза әрі өте сиқырлы, мәнерлі сөйлеуімен Асқар армяндарды бірден тәнті қылды. Налбандянның.арғы-бергі и өмірбаянын, философиялық туындыларын теріп айтып, оған өз көзқарасын, өз бағасын бере отырып, талдап - талдап, армяндары таң қалдырды.
Мен өзім де таң қалдым. Бұрыннан біле ме, жоқ, Ереванға барасың деп мен айтқаннан кейін дайындалды ма, қалай болғанда да армян тарихын, салт-санасын, мәдениетін, ұлы Комитастан бастап, арғы - бергісін білу жөнінен біздің абыройымыз басқа делигациялардан гөрі зау биікке көтеріліп кетті.
Біз, ақын-жазушылар, бір-біріміздің шығармаларымызды оқи бермейміз. Бір-бірімізді іштей, етене тани білмейміз. Ондай олқылықты толтыру талпынысы ертеде, сонау Сәбит, Ғабит замандарында болған. Кейін - кейін бәрі де әдіра қалды.
Міне, осындай бір-бірімізді жете білісетін, жек көрсек те,жақсы көрсек те бір-бірімізбен бас қосып, тоқайласатын жер — Жазушылар одағының шығармашылық үйі еді. Өз басым сол жерде «Қызыл жебе» романының екі кітабын жаздым. Шыңғыс Айматовтың «Боранды бекетін», «Жан пидасын» сонда аудардым. Енді сол бір құтты мекеннен де айырылдық.
Айтайын дегенім, сол шығармашылық үйінде Асқарды тани түскендей болдым. Бір күні Асқардың бөлмесінде Әбекең, Әбділда Тәжібаев, тағы біраз ақын-жазушылар бас қостық. Асқардың бөлмесінде домбыра, күйтабақ ойнайтын аспап тұрады. Ол Біржанның «Теміртасын» ешкімге ұқсамайтын терең и тебіреніспен айтады. Ол әсіресе Қазанғаптың. күйлерін құдайдай құрметтейді. Қазанғаптың күйлерін Доспамбет, Марқасқа, Қазтуған жырларына қосып, әнге айналдырады. Бірде Әбекеңе қарап:
Әбеке, осы Қазанғаптың әр күйіне арнап бір-бір елең жазсаңыз қайтеді? — деді.
Әбекең күлді.
* * *
Асқар ұлы Ғабеңмен, Ғабит Мүсіреповпен дос болды. Асқардың «Бесатары» туралы Ғабең бекер тебіреніп жазған жоқ. Дарынды дарын таниды. Екеуі бір-біріне әкелі-балалы, яки ағалы - інілі адамдардай еркелейтін.
* * *
Қызулау екен. Бір күні маған:
— Пьеса жаз, — деді.
— Нені жазам?
— Рысқұловты!
— Ойбай, пьеса жазып көрген емеспін.
— Шындасаң, жазасың. Дәл қазір кезі келді. Әйтпесе кеш болады.
Өзіме өзім сенбесем де, ойланып қалдым. Е, көрсем керейінші деп қағаз-қалам алдым. Ойланып отырып - отырып. бісіміллә деп, ақ қағазға «Сталинге хат» деп жазып, астын екі рет сызып қойдым. Ар жағы белгілі, сол спектакль театр сахнасынан әлі түскен жоқ.
Егер Асқар түрткі болмаса, мен пьеса жазар ма едім, жазбас па едім, құдай білсін...
Қазан, 1994 жыл
Ж. Жұмағұлов