Бүгін – Асқар Сүлейменовтің туған күні

Бүгін – Асқар Сүлейменовтің туған күні

Бүгін кемеңгер жазушы, қазақ əдебиетінде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар ұлы қазақ Асқар Сүлейменовтің туған күні. Тірі болғанда 78 жасқа толар еді...

Жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменов 1938 жылы 29 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған елдімекенінде дүниеге келген.

1959 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогиялық университетін, 1962 жылы сол оқу орнының аспирантурасын бітірген. 1961 жылы “Жол басы” алғашқы сын мақаласы “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде жарияланған. 

Асқар Сүлейменовтің өзге туындыларынан ерек «Болмыспен бетпе-бет» атты сыни кітабы жарық көрген. Аталмыш кітаптағы «Шашылып түскен тіркестер» аталатын ой-толғамдар топтамасын оқырман назарына ұсынамыз. 

— От пен түтін, адам мен қылмыс жатырлас.

— Қаланың паспорты — такси мен базар. Мен үшін — такси.

— Ашуға ерік берген адам босанып кеткен қабағанмен бірдей. Онсыз да көп қабағанды бүгінгі күн қарақұрым қылды.

— Өтірікті кешіруге болады, тек ақтауға емес.

— Кей кетіктің тарағы да кетік боп келеді.

— Таранбаған әйелде бір мекиеннің, таранған әйелде екі мекиеннің миы бар.

— Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

— Ең терең идеялар — қиын идеялар.

— Білмеген мін емес, білместікке көнген мін.

 — Түс — күндіз бұққан ойдың ойыны.

— Жездең таз болса, темір тарақ сыйла.

— Кісілігін жоғалтпаса жауыңның қайсібір иттігін кешіруге де болады.

— Шын режиссура — жүрек сияқты. Соққаны білінбейді.

— Ұяла алмаған адам — өлік.

— Ажал келмейді. Ажалға барасың. Барған бетте аудиенция береді.

— Әйел дәлелдермен емес, сеніммен тіршілік кешеді.

— Достық, ең алдымен, еркіндік.

— Сөз — құлын да, ой — жылқы.

— Ашық айту — анық айту болғанмен, ақиқатты айту емес.

— Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.

— Қазақтың екі «жауы» бар. Бірі, дос — жауы — Абай. Қалғандары — қас жауы.

— Мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны — ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру. 

А. Оралқызы