- Негізгі бет
- Көкжиек
- Габриэль Гарсиа Маркес....
Габриэль Гарсиа Маркес. "Адамдар-ау, менің сіздерден қаншама көп дүниені үйренгенімді білсеңіздер..."
2000 жылы қатерлі ісікке шалынған Габриэль Гарсия Маркес өзінің санаулы сағаттарында өмірімен қоштасу хатын жазған екен:
«Құдай-тағала бір сәтке менің бар болғаны шүберек қуыршақ екенімді ұмытып, бір-ақ ғана ғұмыр сыйласа, мен ендігі жерде ойланғанымды айтпай, айтпағымның астарын ойлар едім.
Мен ендігі жерде дүниені құнына қарап құнттамай, парқына салып таразылар едім.
Басқалар бейқам жатқан кезде мен жүрер едім, басқалар ұйқыға батқанда мен ояу отырар едім, басқалар тіл безегенде мен үндемей тыңдар едім. Құмарым қанғанша шоколадты балмұздақ жер едім.
Жаратқан ием енді маған біраз ғұмыр берсе, мен жұпыны киініп жүрер едім, таңмен таласа тұрып, жанымды да, тәнімді де жалаңаштап Күн нұрына малар едім.
Құдайым-ай, жүрегімнің бары рас болса, бойымдағы өшпенділік атаулыны мұз етіп қатырып, Күн шығар сәтті тосар едім. Мен Ван Гогқа ұқсап, жұлдыздардың жарығының астында сурет салар едім, Бенедеттидің поэмасы жайында армандап, Серраның әні менің айлы түндегі сүйіспеншілік әуеніме айналар едім. Раушан гүлдерін көз жасыммен жуып, олардың тікені тәніме шым-шым қадалғанын сезініп, алқызыл гүлдің қауызына ернімді басып, аймалап рахатқа батар едім.
Құдайым-ай, енді біраз ғұмырым болса... Мен күн құрғатпай өзім сүйетін жандарға оларды шексіз сүйетінімді айтар едім. Мен әрбір әйелді және әрбір еркекті өзімнің құлай сүйген ғашығымдай сүйетініме иландырар едім, махаббатқа малынып, махаббатпен өмір сүрер едім.
Мен адамдардың қартая бастаған сайын ғашық болудан қала береміз деген ойларының бекершілік екенін, керсінше, ғашық болудан қалғаннан кейін ғана адамның қартая бастайтынына көздерін жеткізе дәлелдеп берер едім.
Мен балаға қанат бітіріп, оны өздігінен ұшуға баулыр едім.
Мен ажалдың кәрліктен емес, қағаберісте ұмытылып қалудан келетініне кексе тарта бастаған кісілердің көзін жеткізер едім.
Адамдар-ау, менің сіздерден қаншама көп дүниені үйренгенімді білсеңіздер...
Мен адамдардың өздерін шын бақыттың беткейде тосып тұрғанын сезбей, таудың ұшар биігінде ғана ғұмыр кешкісі келетінін білдім.
Мен дүниеге жаңа келген нәрестенің әкесінің саусағын өзінің кіп-кішкене уысына алғаш алған кезден бастап оны мәңгіге босатпайтынымды түсіндім.
Мен құлап жатқан адамды сүйемелдеп тұрғызып жіберу керек болған уақыттан басқа кезде ешкімнің де басқа жанға жоғарыдан төмен қарауға қақысы жоқ екенін түсіндім.
Менің сіздерден үйренген дүниемде қисап жоқ, шынын айтсам, енді бұлардан маған келіп-кетер пайда жоқ, сандығымды сықа толтырып алған сәтімде, сорыма қарай, мына дүниеден қайтуға тура келіп тұр».
Аударған: Мырзагелді Кемел