Ақберен Елгезек. "Киелі өлең-құс тек кіршіксіз ішкі әлемде ұшып жүруі тиіс!"

Ақберен Елгезек. "Киелі өлең-құс тек кіршіксіз ішкі әлемде ұшып жүруі тиіс!"
Фото: facebook.com

Бүгін – қазақтың аяулы ақыны, "Көлеңкелер күбірі", "Ғаршы", "Шексіздік сыртындағы шам" жыр жинақтарының авторы Ақберен Елгезектің туған күні. Құнды ойлар қай кезде де өз маңызын жоймайды. Ақынның туған күніне орай оның әр жылғы сұхбаттарында әдебиет, ақындық туралы айтқан құнды ойларының бір үзігін жариялауды жөн санадық. 

Ақын деген делдал ғой. Ол тылсымнан тек ақпарат жеткізуші ғана. Керек десеңіз, құдыреті күшті Тәңірдің адам бойына дарытқан ғажайып сезім иірімдеріне қозғау салатын «қоздырғыш» та болуы мүмкін.

***

Адамзаттың iшкi әлемi әр онжылдық сайын күрделенiп келедi. Күрделену деген түсiнiксiз боп бара жатыр деген сөз емес. Ақпараттың көптiгiнен, жаңа бiлiмнiң толығуынан адамның санасы трансформацияға ұшырайды. Басқаша айтқанда, тағы бiр эволюциялық сатыға көтерiледi. Бүгiнгi «күңгiрт», «түсiнiксiз» деп сынап жүрген поэзияңыз, ертеңгi талғам мен талап тұрғысынан қарағанда жай тақпақ болып қалуы мүмкiн. Бiр ғасырдан соң келетiн поэзия ненi жырлайды деп елестетiп көрелiкшi? Киiз үй мен малды, ауылдың қора-қопсысын ба? Әлде жанның iшкi иiрiмдерiн, жаратылыс құпияларын, Тәңiрдi тану жолын ба? Менiңше соңғысы. Сол қызық поэзияның басы қазiр басталып жатыр. Ал, бiз кеңестiк замандағы ұрандағыш «позитивтi» поэзияға үйренiп қалғандықтан, жаңа поэзияны жатырқаймыз. Бар мәселе сонда. Қазақтың тiлiнде жазылған екi сөйлем болса да, ол қазақтың қазынасына құйылып жатқан дүние. Сапалысы қалады, сапасыз шимайлар күресiнге лақтырылады. Оған бас қатырып, дауласудың қажетi жоқ. Бәрiбiр әр заманның өз үнi болады. 

***

Жаңа поэзияның стихиясы – мұң. Оны қасіреттену деп түсіну қате. Мұң – жаңа поэзияның көкжиегіне ертіп апаратын сұлу жолсерік. Өлеңнің туылу алдында мұң тұрмаса, ол өлең шетінеп туған бала сияқты болады. Былайша айтқанда, поэтикалық атмосферасы сезілмейді. Себебі мұң – Тәңіри махаббаттың бастауы... Ал нағыз поэзия - ғарыштық ауқымдағы мұңлы шаттық болуы тиіс! 

***

Талант - мұзарт шың секілді, оның басында тек мөлдір мұздықтар ғана тұрады. Шайқалса, әртүрлі арналармен тонна-тонна қар көшкінін ағызады.

***

Ақын үшін ең алдымен, жанның тазалығын қамтамасыз ету қажет. Киелі өлең-құс тек кіршіксіз ішкі әлемде ұшып жүруі тиіс. Рухани деңгейі жоғары адам ғана әдебиетте жүруге құқығы бар. Ақыннан қатыгездік де, сатқындық да шықпайды. Егер ол нағыз ақын болса. Ақын – ең алдымен болмыс. Ол болмыс таза және мейірім нұрын шашып тұруы шарт. 

***

Шындығында, қазақ поэзиясының табиғаты - біз тірілткіміз кеп жүрген: аспани, ғарыштық, асқақ поэзия. Оны өз тұғырына қондыру үшін, біз оқырманды, болашақ оқырманды тәрбиелеп, оның талғамын биіктетуіміз керек. Әйтпесе, әлемнен қалғанымыз – қалған.

***

Әлем баяғыда верлибрге – ақ өлеңге көшіп кеткен. Кейінгі 20-30 жылдық еуропалық поэзияда ұйқас, шумаққа тән ырғақ, тар шеңбер мен қысылған қалып деген жоқ. Нағыз өлеңнің уақыты келген секілді маған. Адамдар санасының түрмесіне қамалып, әбден ашығып, әлі құрыған, қабырғалары ырсиған, аузында сөлі жоқ, жүзінің әрі кеткен бейшара өлеңнің уақыты кеткен сияқты. Өлең де, адамның санасы секілді еркіндік алып жатқандай боп көрінеді бізге. 

***

Ең алдымен поэзия – философияның лирикасы екенін ұғу керек. Ал, ол көпшіліктің жейтін жемісі емес. Өлеңдерім бәріне ұнасын деп ойлаған ақын – саясаткерге айналады. Бұл дәуірден кейін де жұрт бар ғой. Оларға не бересің? Тіпті, сенен кейін келетін ойшылдарға біздің заманда мынандай бар деп нені асқақ ұсына аласың? Мені сол жағы көбірек толғандырады.

Ж. Жұмағұлов