Махаббат симфониясы

Махаббат симфониясы
Фото: Lantanid Holmi - Tumblr

– Анау жұлдызды көремісің?

– Аспанда жұлдыз көп қой...

– Ай жанындағы. Ең жарығы.

– Көөө...р...дім... Көр-дім.

– Байқасаң, сол жұлдыз басқалардан бөлек.

– Қалайша? Ең жарығы... Сол үшін бе?

– Жоқ, жарығын қайтсін Ай оның?

– Енді?

– Жартылай болсын, толысып тусын Айынан ешқашан жырақтаған емес. Бірде батысын, бірде шығысын алма-кезек күзетеді.

– Ммм... Бұл кереметті көру үшін де көз керек шығар...

– Мың көздің қырағы болғанша, бір жүректің тұрағы болғанға не жетсін?! Сезу керек!

(Төңіректі біраз үнсіздік басты).

– Екеуі түн үшін жаралғандай...

– Ал түн ше?

– Түн... Түн тыныштық үшін жаралған. Түн ғашықтар үшін жаралған. Түн сағыныш үшін жаралған.

– Сен – менің мәңгілік Айымсың. Мен сенің жарық жұлдызың болайын...

– Сөйтіп?

– Сөйтіп, біздегі қуатқа тірек болайық!

– Біздегі қашықтық?

– Қашықтық – махаббатта аяқталмаған теорема. Соңы – сәтті, сәтсіз, бақытты, бақытсыз кім біліп жатыр?

– Екеумізге жерде орын жоқ. Біздегі сезім жердің тартылыс күшінен де мықты.

– 12 ай... Сағынарсың. Сабыларсың. Сабыр!

– 360 күн... Күн мен Жер теңесерде Ай мен Жұлдыз болмайды деседі...

– Енді қайттік?

– Есесіне жеті жылда Ай жарығын жаңартып, Жұлдыз бағытын өзгертеді.

– Бағыты қай жақ?

– Оңтүстіктен батысқа қарай.

(Бұл жолғы үнсіздікті дыбыссыз күлкі жалғады)

– Алыс болайық!

– Ай жанындағы жұлдыздай.

– Дәл солай. Біздегі арды күзетейік!

– Атар таңды күзетейік!

– Кеш болса да қонған бақты күзетейік!

Ә. Жутаева