Мақал жетіскеннен шықпайды

Мақал жетіскеннен шықпайды
Фото: azattyq.org

Мақал жетіскеннен шықпайды

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин 80-жылдардың орта кезінде «Жазушы» баспасының бас редакторы болып қызмет атқарады. Бірде баспаның күйіп-жанып жататын жұмысымен ренжіңкіреп отырса қаламдас достарының бірі келеіп:

– Мұха, шаршап отырсыз ғой, жұмыс көп-ау тәрізі, – депті. Сонда Мұхтар:

– Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатады, – депті.

– Иә, қағазбасты жұмыс қой, – дейді қаламдас досы жаны ашыған кейіпте.

– Жұмысың бұзық болса да, қағазың түзік болу керек, – деп Мұхтар бұл жолы да келте тіл қатады.

– Мұха-ау, тек мақалмен сөйлейтін болғанбысыз? – дейді досы. Сонда Мұхтар:

– Мақал жетіскеннен шықпайды, – деп бұл жолы да келте қайырған екен.

Күрес жолдары

Бірде ақын Тоқаш Бердияров бір топ жолдастарымен бас қосып отырып:

– Соғыс болса екен! – депті.

– Тоқа-ау, мұныңыз қалай? Өзіңіз соғысқа қатысып жарты жаныңызды беріп қайтқан жоқсыз ба, қайдағыны айтқаныңыз не қылғаныңыз! – деп жігіттір үрпиісіп қалады. Сонда Тоқаш:

– Әрине, соғыс жақсы емес қой, бірақ соғыс болса біраз ататын кісілерім болып жүргені! – депті. Осы әңгімені естіп отырған ақын Өтежан Нұрғалиев мырыс-мырыс күледі де:

– Тоқа, әлі романтик екенсіз, – дейді.

– Неге олай дейсің? – дейді Тоқаш.

– Өйткені, олай күресуге болмайды. Соғыс болса сіз атамын деп нысанаға алып жүрген адамдар тылда қалады да, өзіңіз тағы да алдыңғы шептен бір-ақ шығасыз. Жоқ, олай күресуге болмайды. Мен олай күреспес едім. Мен көшеде, автобус ішінде, асханада, трибунада, моншаның ішінде, тіпті қажет болса туалет ішінде де күресер едім. Сіздің айтып отырғаныңыз індет қой. Індетпен кез-келген жерде күресуге тура келеді. Өйткені, сіз майдан алаңын сайлап жүргенде әлгі індет қойны-қоншыңызға толып, қашып құтыла алмайтын боласыз, – деген екен Өтежан.

М.Ниязбековтың "Деген екен" кітабынан

Н. Айдархан