Мұхтар Әуезовтің нақыл сөздері

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің нақыл сөздерін ұсынамыз. 

Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең.  Маңына ұрық шашпаған жақсылық жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады. Өнерпаз болсаң, өр бол. Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді. Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы.
Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып:“Ақырғы  діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық. Жігіт қадірі өнерімен өлшенер.  Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.  Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле. Еңбек шыққан жерден төзім де шығады.  Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен. Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек. Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік.  Адам көркі – ақыл. Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады. Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс. Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиеттерінен құралады. Адам баласының жасан құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен. Тумай жатып – толдым деме, толмай жатып – болдым деме. Қызғаныш – құрт ауруы, мыс қазанда қайнайтын азап оты. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек. Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза. Жауға – жалынба, досқа – тарылма. Амал: кіжіну бар, килігу жоқ. Қол жетпес шыңыраудағы су болғанша, пайдасы көпке тиетін жайдақ су болған жақсы. Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар. Тамыр болдың – айтыс жоқ, Қолдан бердің – қайтыс жоқ. Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын жандар бар. Көбікті толқын санама.  Әділет тілесе – атаңның болсын айыбын айт.  Бас асауға – жез ноқта.  Кісінің бір ғайыбын маған айтқан адам – менің жүз ғайыбымды кісіге айтар.  Сын – шын болсын, шын сын болсын.  Іздессең – табарсың, алыссаң – аларсың. Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?! 

Жазбаға "Қазақ афоризмдері" кітабы қолданылды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: zhelide.kz