- Негізгі бет
- Кино
- "Тым оғаш іс":...
"Тым оғаш іс": 4-маусым қандай сұрақтарға жауап береді?
"Тым оғаш іс" сериалының 3-маусымы фанат жүректерін жаралап қана қоймай, көп сұрақты жауапсыз қалдырды. Басты рөлдегі актерлердің бірі Дэвид Харбор сұхбат кезінде сериалдың қорытынды маусымы 4 не 5 болатынын айтқан еді. Бірнеше күн бұрын көптен күткен төртінші маусымның алғашқы тизері шықты. Бірақ, сериал фанаттарының маусымды күтуге шыдамы жетпейтін секілді. Олар желіде үшінші маусым жауапсыз қалған сұрақтарға өздерінің болжамдарын айтуда.
Үшінші маусым аяғында орыс зертеушілері "америкалық" деп кімді меңзеді?
Маусым аяғында орыс базасының тұтқынында белгісіз америкалықтың жатқаны белгілі болған еді. Беймәлім Америка азаматы Джим Хоппер деген болжам көрермендер арасында танымал. Олардың ойынша, жарылыстан соң портал жабылып үлгермей, орыстардың тұтқына түседі немесе параллель әлемге тап болады.
Одан бөлек, орыстар тұтқынындағы әлдекім осы уақытқа дейін үшінші маусымда кездеспеген кейіпкер болса деген тұжырым бар. Беймәлім адам Он біріншінің әкесі, сериалдағы басты жауыз кейіпкер Бреннер дәрігер болуы әбден мүмкін. Екінші нұсқа шындыққа әлдеқайда жақын. Өйткені, орыстардың портал аралық өткел мен Хокинс туралы ақпаратты қайдан білетінін түсіндіреді.
Алғыс айту күні немесе Рождество?
Сериал фанаттары әрбір маусымдағы оқиға америкалықтар үшін маңызды мерекелер қарсаңында болатынын әлдеқашан байқаған: бірінші маусым Рождество, екінші маусым Хэллоуин, үшінші маусымда Тәуелсіздік күні тойланған болатын. Фанаттарының болжамы бойынша осы жолы оқиға Әулие Валентин күніне таман немесе Алғыс айту күнін қарсаңында болуы мүмкін. Өйткені, үшінші маусым аяғында Майк Одиге Алғыс айту күнінде келетініне уәде береді. Одан бөлек, шытырман оқиға тағы да Рождествода болуы мүмкін деген болжам да жоқ емес.
Майк пен Одидің тағдыры енді не болмақ?
Сериалдың басты жұбының жолы екі жаққа айырылуы фанаттардың көңілін босатты. Джим Хоппер қайтыс болғаннан кейін Одиді Джойс өз қол астына алады. Джойс Одидің жан жарасына ем болып қана қоймай, Джонатан ағалық қамқорлық көрсетіп, Уилл жақын досы болатыны сөзсіз.
4-маусым шынымен соңы ма?
Сериал авторы Дафферлер оқиғаны төртінші маусымнан ары созбайтынын айтса, продюсер Шон Леви бесінші маусымның шығу мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Мұндай жоспар бар екенін басты кейіпкерлерді сомдайтын актерлер Гейтен Матараццо мен Дэвид Харбор өз сұхбаттарында айтқан болатын. Соған қарағанда, төртінші маусымның қаншалықты ұтымды шығатыны оның жалғасымен тығыз байланысты болмақ. Оның үстіне, фильмде сұраныстағы актерлер ойнайтындықтан, осы сериалмен ғана шектеліп қалмайтыны анық.
Т. Есқали