- Негізгі бет
- Кино
- Шонжыда "Қазақ Елі"...
Шонжыда "Қазақ Елі" фильмінің түсіріліміне 200 адам қатысып жатыр
"Қазақ Елі" тарихи көпсериялық телевизиялық жобаның ірі ауқымды түсірілімдері Алматы облысының Шошанай ауылында өтіп жатыр.
Ашық далада Керей мен Жәнібектің көштегі сәті түсірілді. Көш кезінің түсіріліміне 200-ден аса адам, 150 жылқы және 10 түйе қатыстырылған. Режиссер Рүстем Әбдрашев картинасының түсірілім жұмыстары ресми түрде 7 қыркүйекте Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының территориясында басталған болатын. Команда "Қазақфильм" территориясындағы киіз үйлер мен сарайлардағы түсірілімдерді аяқтады. Ал 15 қарашада түсірілім тобы Қапшағайға аттанады.
"Қазақ елі" көпсериялық фильмінің 1465 жылы қазақ мемлекетінің құрылу кезеңін, Жәнібек пен Керейдің, олардың балалары Қасым мен Бұрындықтың билік еткен кезеңін қамтитыны белгілі. Қазір фильм Ільяс Есенберлин "Көшпенділер" романының бірінші томы бойынша түсіріліп жатыр. Режиссер Рүстем Әбдрашевтің айтуынша, қазіргі уақытта материалдың 40 пайызы түсірілді, монтажы қатар жасалып жатыр.
"550 жыл бұрын болған оқиға — Қазақ хандығының бөлінуі және жас мемлекеттің дамуы, — өте ауыр кезеңде болды. Бұл Алтын орда деген үлкен империяның құлаған сәтінде орын алған. Соның салдарынан әлем картасында жаңа мемлекеттер пайда болды. Сол замандағы көшбасшылардың бірі Қазақ хандығы", — деді Әбдрашев.
"Қазақ елі" фильмінің түсіріліміне мемлекеттік бюджеттен шамамен бір миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, жобаны меценаттар қолдап отыр. Олар 100 миллион теңге шамасында қаражат жинаған.
"Тарихи картинаны жасау оңай емес, қазір әлемдік дағдарыс кезі. Мұның бәрі әсер етті. Кешіктік, қиындықтар болды. Барлығымыз жұмылып, мақсатты орындағымыз келеді. Үлкен түсірілім тобымыз бұл істі махаббатпен, патриоттық сезіммен істеп жатыр. Біз қыруар қаржы таппаймыз. Алайда әр кадрдың кәсіби шығуы үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Осы ірі жобаның бөлшегі болғаныма қуаныштымын", — деді Әбдрашев.
Фильмнің басты рольдерін Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепберген (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым), Бекболат Тілеухан (Қазтуған), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мадина Ысманова (Жәнібектің әйелі) ойнайды. Сериалға қазақстандық әртістер ғана түспейді, Хакасия, Монғолия, Өзбекстанның актерлері де тартылады. Ал трюктерді танымал каскадер Жайдарбек Күнғожиновтың командасы жасайды.