"Қазақ хандығы" сериалына кастинг жарияланды

"Қазақ хандығы" сериалына кастинг жарияланды

Биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығы. Осы мерейтойға байланысты тарихи-драмалық телесериал көрерменге ұсынылады. Басында 20 серия болады деп жоспарланса, кейіннен 10 сериал болып бекітілді. Ал, 10 сериалы жұмыс режиссер Рүстем Әбдірашевке сеніп тапсырылды.

 «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Рүстем Әбдірашевтың жұмыс атауы «Қазақ хандығы» атты тарихи-драмалық телевизиялық сериалдың түсіріліміне қатысуға кастинг жариялайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі хабарлайды.

 Кастингке сыртқы келбеті азиялық типке жататын, спорттық дене бітімі бар, бойы 170 см кем емес, 17 және 45 жас аралығындағы ер адамдар қатыса алады.

Сонымен қатар сериал түсіріліміне 17 мен 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар қажет.

Үміткерлердің актерлік жұмыс тәжірибесі болғаны абзал, сондай-ақ, кастингтің міндетті шарты - қазақ тілін меңгеріп, атпен салт жүре білулері қажет.

Іріктеуге қатысам деушілер өз фотосуреттері мен сауалнамаларын kaz.hanstvo@mail.ru электрондық поштасына жібере алады.

Фотосуреттерге қойылатын шарттар: бет-әлпетінің анфас және профильде түсірілген орта және ірі пландағы суреті, бойының суреті.

Сауалнамада аты-жөні, тегі, туған жылы, бойының көлемі, салмағы, байланыс телефондары көрсетілуі тиіс.

Құжаттарды келесі мекенжай бойынша жіберуге де болады: Алматы қ., әл-Фараби көш., 176, «Қазақфильм» киностудиясы, 272-ші каб.

«Сталинге сыйлық», «Құрақ көрпе», «Елбасы жолы» (киноэпопея) фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді түсіреді.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм алғашқы жоспарлағаннан екі есеге, яғни 10 серияға дейін қысқарғанын, фильм Жәнібек пен Керей билігі заманынан бастап Кенесары ханға дейінгі кезеңді қамтитынын айтқан. Бұдан өзге, кино түсіруге АҚШ пен Қытай кинокомпаниялары кеңесші ретінде шақырылатыны хабарланған. Фильмді 2015 жылдың соңына дейін экранға шығару жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, көп сериялы тарихи туындының сценариін жазуға белгілі жазушы Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықовтың шақырылғанын жақсы білесіздер. Консультант ретінде «Шыңғыс хан» фильмінің сценариін жазған маман да шақырылады.

Жалпы, Қазақстанда ең бірінші рет осындай ауқымды тарихи сериал қолға алынып отыр. Үлкен жауапкершілік пен ел тарихын қамтитын картина көпшіліктің көңілінен шығу үшін сапалы түсірілім жұмыстарын талап етеді.

Дереккөз: el.kz

Сурет: kazakhfilmstudios.kz

Н. Айдархан