- Негізгі бет
- Кино
- "Оскарды" алған "Жасыл...
"Оскарды" алған "Жасыл кітап" жайлы
Режиссер Питер Фарреллидің "Жасыл кітап" фильмі "Оскар" сыйлығын жеңіп алды. "Үздік фильм", "Үздік оригиналды сценарий" және "Екінші пландағы үздік актер" номинациясы бойынша топ жарған фильм туралы не білеміз?
Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Өткен ғасырдың 60-жылдары қара нәсілді пианиношы Дон Ширли АҚШ-тың оңтүсігіне гастрольдік сапарға шығады. Әлі де болсын нәсілдік кемсітушілік белең алып тұрған себепті Дон Ширли өзімен бірге ұрдажық Тони Валлелонгты әрі күзетші әрі жүргізуші ретінде алады. Бастапқыда кейіпкерлер тіл табыса алмайды, бірақ сапар соңында жақын досқа айналады.
Шынайы оқиға
Сценарийді Тони Валлелонгтың ұлы Ник Валлелонг жазған. Алайда біраз уақыттан соң Ширлидің жақындары сюжеттің басым бөлігі шындыққа жанаспайтыны туралы мәлімдеме жасаған. Атап айтқанда, Ширли мен Тонидің арасындағы қарым-қатынасы басқаша бейнеленген және Донның отбасына байланысты ақпараттар жалған.
Фильмнің атауына ("Жасыл кітап") 60-жылдары АҚШ-та пошта қызметкері Хьюго Гриннің жасаған анықтамалығы негіз болған. Анықтамалық халықты нәсіл бойынша бөлектеу белең алып тұрғандықтан қара нәсілді саяхатшыларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін жазылған. Көптеген қонақ үйлер мен мейрамханалар қара нәсілділерді кіргізбеген. Сол себепті саяхатшыларға жатар орын мен ішуге тамақ іздеу қиынға соққан.
Сценарийшілер кейіпкерлердің оқиғасын барынша шындыққа сай бейнелеуге тырысқан. Сондай-ақ, көркем фильмге сай ойдан қосуды да ұмытпаған. Нәтижесінде сюжет қызықты шыққан. Фильм АҚШ тарихынан бейхабар, Дон Ширлидің өнерімен таныс емес көрермендерге де ұнайтыны анық.
Комедия жанрындағы мазмұнды фильм
Питер Фаррелли ағасы Бобби секілді күлкілі комедияларымен танылған. Олар бірге "Ақымақ және ақымағырақ" ("Тупой и ещё тупее"), "Мен, тағы да мен және Ирэн" ("Я, снова я и Ирэн"), "Муви 43" секілді комедияларды түсірген. "Жасыл кітап" фильмінде көрерменді күлкіге қарық қылатын сәттер жетерлік. Әсіресе сабырлы қара нәсілді музыкант пен жұмысшылар табының өкілі, мылжың италиялықтың мінезіндегі айырмашылықтар киноның көркін келтіреді.
Бірақ бұл жолы Фаррелли оқиғаны бастан-аяқ арзан күлкіге құрамаған. Бұл достық пен әр түрлі типтегі адамдардың қарым-қатынасы туралы тамаша роуд-муви. Күлкімен қатар Питер Фаррелли нәсілшілдік тақырыбын қосуды ұмытпаған.
Өз рөлдерін тамаша сомдаған актерлер
Басты кейіпкерлердің рөлін сомдаған Вигго Мортенсен мен Махершала Алидің түр-келбеті шынайы өмірдегі Ширли мен мылжың Тониге ұқсамайды. Бірақ кино авторлары актерлардың ұқсастығына емес, олардың шеберлігіне назар аударған және бұл өте дұрыс шешім. Вигго Мортенсен ұрдажық Тони Валлелонгты сомдау үшін салмақ қосқан. Ал Махершала Али пианиношы Дон Ширлиді тамаша сомдап шыққан.
Жылдың үздік фильмі
Әрине, әркім әр түрлі пікір айтады. Алайда "Жасыл кітап" кем дегенде жылдың үздік фильмдерінің бірі екеніне ешкімнің дауы болмас. Альфонсо Куарон "Рома" атты туындысы, басты рөлде Кристиан Бэйл түскен "Билік" ("Власть") және тарихи "Көшбасшы" ("Фаворитка") фильмдері жылдың үздігі атануға әбден лайық еді. Бірақ "Жасыл кітап" бәрінің алдын орап кетті. Өйткені фильмде маңызды мәселелер көтерілген. Дон Ширлидің композициясы фильмнің көркін кіргізссе, басты кейіпкерлер өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдап шыққан.
"Оскар" номинацияларында жеңімпаз атанған фильмдер:
Үздік фильм
"Жасыл кітап" (Green Book), режиссер Питер Фаррелли
Үздік режиссер
Альфонсо Куарон ("Рома")
Үздік актер
Рами Малек ("Богемалық рапсодия")
Үздік актриса
Оливия Колман ("Фаворитка")
Екінші пландағы үздік актер
Махершала Али ("Жасыл кітап")
Екінші пландағы үздік актриса
Реджина Кинг ("Бийл-стрит сөйлей алса ғой")
Үздік оригинал сценарий
"Жасыл кітап" (Green Book), сценарий — Ник Валлелонга, Брайан Карри мен Питер Фаррелли
Үздік адаптацияланған сценарий
"BlacKkKlansman"
Үздік анимациялық фильм
"Өрмекші адам: ғаламшарлар арқылы" (Spider-Man: Into the Spider-Verse)
Үздік шетелдік фильм
"Рома" (Roma), Мексика
Үздік оператор
"Рома" (Roma)
Үздік костюм
"Қара пантера" (Black Panther)
Үздік грим
"Вице" (Vice)
Үздік музыка
"Қара Пантера" (Black Panther)
Үздік ән
Shallow ("Жұлдыз туылды")
Үздік визуалды эффекттер
"Алғашқы адам" (First Man)
Үздік деректі фильм
"Еркін соло" (Free Solo)