- Негізгі бет
- Кино
- «Оралман» кинокартинасы Италия...
«Оралман» кинокартинасы Италия кинофестивалінде «Үздік фильм» атанды
Отандық «Оралман» драмасы ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінің «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алды. Кинокөрсетілім Италияның Тренто қаласында өтті. Қазақстандық кинокартинаға Ауғанстан, Ұлыбритания, Ирак, Италия, Ресей, Словения және Эстония елдерінен келген 41 киножұмыс бәсекелес болды.
Жалпы, Religion Today кинофестивалі – кино мен дін тақырыптарын қамтитын халықаралық байқау. Фестивальдің басты мақсаты – түрлі елдер мен халықтардың конфессиялары арасында мәдени диалог құру.
Естеріңізге сала кетейік, режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі осыған дейін Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивафлінде шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдің «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бақ сынаған еді.
Фильм сюжеті туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыздың тағдырын баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
А. Оралқызы