- Негізгі бет
- Кино
- Мемлекет 18 фильмнің...
Мемлекет 18 фильмнің түсірілімін қаржыландыратын болды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі түсіріліміне мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болған киножобалардың тізімін бекітті. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы хабарлады.
Еске салайық, 2019 жылдың 28 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған бірінші іріктеу байқауының қорытындысы жасалды.
Отырыс барысында өндірісіне қаржылық қолдау білдіру үшін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Сараптама кеңесі мақұлдаған 60 киножоба туралы ақпарат тыңдалды. Аталған тізімдегі киножобалар – ұлттық фильм статусы талабына сай келетін, оның ішінде, ұлттың рухани қажеттіктерін қанағаттандыратын көркемдік деңгейі жоғары, мемлекеттің ұстанымына сай келетін және оның кино өнері арқылы танымалдығына ықпал ететін туындылар.
Сонымен қатар, маңызды аспектілердің бірі – кино Қазақстанда түсірілуі қажет, сонымен қатар отандық кинокомпаниялар шетелдік компаниялармен бірлесіп те түсіре алады.
Отырыс нәтижесінде 12 әлеуметтік маңызы бар фильм іріктелді. Олар "Аллая нить судьбы", "Возвращение учителя" және "Туркестан – вчера, сегодня, завтра" деректі фильмі мен "Боксер", "Время патриотов", "Выбор", "Жизнь", "Қажымұқан", "Обучение Адемоки", "На старте", "Тырналар", "Хардкор" көркем фильмдері.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері "Огонь" дебюттік фильмін, "Ақын" және "Слепая любовь" бірлескен киножобалары мен "Каникулы оффлайн-2", "Нартай", "Спасение в степи" көпшілік көрермен аудиториясына арналған фильмдерін таңдады.
#MassFilm: Қыркүйек айында шығатын фильмдер
Мақұлданған киножобалар Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық фильмдер өндірісінің тақырыптық жоспарына еніп, бірыңғай оператор – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы биыл мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады.
Massaget